27.04.2022, 16:30
Оқылды: 112

МӘМС аясында 800-ден астам жасанды ұрықтандыру әдісі жасалды

Биылғы бірінші тоқсанда МӘМС жүйесі шеңберінде экстракорпоралдық ұрықтандырудың 835 рәсімі орындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қор сайтына сілтеме жасап.

15

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2022 жылы 6,68 млрд теңгеге 7 000 ЭКҰ циклын қаржыландыруды көздеді.

І тоқсанда 824,6 млн теңгеге экстракорпоралдық ұрықтандырудың 835 рәсімі орындалды. Бұл алдыңғы жылдарға қарағанда әлдеқайда көп. 2020 жылдың І тоқсанында – 59, 2021 жылдың І тоқсанында - 526 цикл шығарылған.

Айта кету керек, жылына бір рет МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан тегін өтуге болады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ жүргізу алдында ерлі-зайыптыларды тексеру көлемі көзделген тізбеге сәйкес жүзеге асырылады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан атап өткендей, экстракорпоралдық ұрықтандыру процедурасы - жоғары технологиялық медициналық қызметтерге жатады және қымбат тұрады. Бұған дейін ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізілген болатын. Алайда, қаржыландыру көлемі аз болды, жылына шамамен 900–1000 квота бөлінді. Ал, 2021 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бұл квота санын 7 есеге – жылына 7 000-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді.

Еліміздің 9 өңірінде 19 медициналық ұйым (оның 18-і – жекеменшік) ЭКҰ процедурасын атқарады. Пациент клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы.

ЭКҰ-ға жолдама алу үшін бекітілген жері бойынша емханаға жүгіну қажет. Денсаулық сақтау ұйымдары бедеуліктен зардап шегетін адамдарды диспансерлік науқастардың электрондық тіркеліміне енгізеді. 12 ай ішінде бедеуліктің себептерін зерттеп-қарағаннан және анықтағаннан кейін бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттары денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының арнаулы комиссиясына жіберіледі.

Процедураның негізгі көрсеткіші - терапевтік түзету мүмкін емес бедеулік. ЭКҰ рәсімінен 18-42 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары өте алады. Олар Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге сәйкес келуі қажет.

Еске салсақ, Шымкентте өткен бедеулік проблемаларына арналған халықаралық конференцияда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 1 мыңнан астам сәби дүниеге келгенін айтқан еді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале