Бүгін Ақоба ауылдық округінде Жәнібек ауданының 100 жылдығы мен Аналар кеңесінің 5 жылдығына орай аудандық Аналар кеңесі және «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің кезекті көшпелі отырысы өтті.
Алдымен аталмыш ауылдық округтің әкімі Нұрлыбек Жакин барша жиналғандарға «қош келдің» айтып, өзінің жылы лебізін білдірді.
Сондай-ақ аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Еділ Елемесов те сөз сөйлеп, жиын сәтімен өтсін деген тілегін білдірді.
Көшпелі отырыстың шымылдығын аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Дина Сапашева ашып, келгендерді таныстырып, атқарылған жұмыстарды атап өтті.
-Бұдан бұрын көшпелі отырыс Күйгенкөл ауылында өткен болатын. Карантинге байланысты жұмыс онлайн жүргізіліп, отырыстар өткізілмей қалды. Тоқсанда бір рет өтетін отырыс, бүгін Ақоба ауылында өтуде. Баршаңызға алғысымды айтамын. Кеңес отырыстың жұмысын әрмен қарай жандандырамыз деген сенімдемін,- деді төрайым.
Басқосуға «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Елемесова мен бірлестік мүшелері, Тау, Күйгенкөл, Ұзынкөл, Ақоба ауылдық округтері Аналар кеңесінің мүшелері мен көпбалалы аналар қатысты.
Әрмен қарай сөз кезегін «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестіктің төрайымы Ғалия Ғарифоллақызы алып, онлайн өткен «Ұмытылған қазақтың салт-дәстүрлері» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Дәлірек айтсақ, бас жүлдені Қымбат Жолдыбаева (Талов ауылы), бірінші орынды Риза Сағынаева (Тау ауылы) мен Жеміс Бисенова (Күйгенкөл ауылы), екінші орынды Мәриям Неғметова (Ұзынкөл ауылы) алды.
Сонан соң Ақоба ауылдық округі Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Досболатова «Әйел – ырысың, қыз — өрісің, келін – тынысың» тақырыбындағы көшпелі отырысты бастады. А.Досболатова слайд арқылы кеңестің жұмысы мен жетістіктерін айтып өтті.
Сонымен қатар тақырып бойынша «Әйел – ырысың» түсінігін Айнұр Досболатова айтып берсе, «Қыз – өрісің» түсінігіне ардагер әрі көп балалы ана Гүлбарам Досқалиева мен көпбалалы аналар Жария Ғұбашева және Гүлзада Уахитова тоқталды. Сол сияқты көпбалалы аналар, келін тәрбиелеп отырған Маржан Ыбыраева, Сәния Жанекеева, Шынар Құнысова, Лиза Сапарова «Келін – тынысыңа» кеңінен түсінік берді. Одан бөлек жиынға қатысушылар да өз ойларымен бөлісіп, тақырыпты аша түсті.
Шара барысында Х.Халиуллин атындағы орта мектептің кітапханашысы Альбина Балғазиева кітап көрмесімен таныстырды. Облыстық «Балдәурен-2022» балалар шығармашылық фестивалінің дипломанттары Інжу Мұратова мен Келбет Қайрат, «Әжелер» ансамблі мен ауылдың өнерпазы Ләззат Бисекова әннен шашу шашса, Нұрсезім Асланқызы «Ана» туралы өлеңді мәнерлеп оқыды.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz