Сәуір айының 27 жұлдызында шұрайлы Шыңғырлау жерінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында сала үздіктерін марапаттауға арналған «Рухани жаңғыру - Ұлттың Ұлы мұраты» тақырыбында салтанатты шара өтті.
Аудандық саябақта оздырылған керемет шарада ең алдымен Халықтық «Торыатбас әуендері» фольклорлық ансамблінің орындауында күмбірлеген күй шалқып, көрерменді баурап алды.
Әсем әуен қалықтаған демалыс саябағының ортасында оркестр ойнап, ал қазақи киіз үй ішінде ұршық иіріп, қойдың жүнін түткен ақ кимешекті әжелер отырды. Олардың қатарында зерлі шапан киіп ауылдың абыройлы ақсақалдары жайғасқан.
Киіз үй маңында ежелгі қазақи ауылдың тірлігінің бір атрибуты іспеттес, қазан-ошақ қойылып, келіншектер сары бауырсақ пісірді. Саябақ төрінде шараның соңына дейін ән шырқалып, би биленді.
Кең алаңда белдесуге әзірленіп, қазақ күресін жаны сүйген ұл балалар жиналып, күш сынасты. Бұл күні арқан тарту мен басқа да ұлттық ойындардан көріністер қойылды.
Мәні мен маңызы зор шара Түркештің күйі «Көңілашармен» жалғасып, Орынбай Дүйсеннің орындауында «Шыңғырлау ұраны» тыңдарманын тәнті етті.
Көрермендер алдында Шыңғырлаудың 5 жыл турасында "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстары туралы бейнебаян көрсетілді. Осы бейнебаян арқылы талайдың еңбегі паш етіліп, мерекелік көңіл күй шалқыды.
«Рухани жаңғыру - Ұлттың Ұлы мұраты» атты салтанатты шарада аудан экономикасының дамуына еңбек сіңіріп, туған жердің көркеюіне үлес қосқан аудан азаматтарын аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова құттықтап, марапаттады.
А.Аңсар,
Шыңғырлау ауданы,
zhaikpress.kz