1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Теректі аудандық Достық үйінде балалар шығармашылық үйі мен «Jas Otan» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Біздің таңдауымыз - бірлік» тақырыбында іс-шара өтті.
Қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері бас қосқан жиында «Фройндшафт» неміс этно-мәдени орталығы жетекшісі, Богдановка ауылдық клубының меңгерушісі Вера Медетова, «Сябры» белорус этно-мәдени бірлестігінің мүшесі, Федоровка №1 жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Анна Бородулина, аниматорлық қызмет көрсетіп жүрген Марина Еськова, аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция подполковнигі Дмитрий Форманюк және аудандық полиция бөлімінің аға инспектор-кезекші, полиция майоры Равиль Насыров қонақ болып, ынтымағы жарасқан қазақ еліне алғыстарын айтты.
Шара жүргізушісі Үміткер Орынғалиев мамандарға кәсіптері мен өмірлік көзқарастары жайында қызықты сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Кездесуде «QazaqstanDaysy. Балалар» жобасынын қатысушылары Сұлтан, Бейбарыс Ғарифуллиевтер және «Би әлемі-2022» байқауының жеңімпаздары «Көркем» би ұжымы өнерлерін ортаға салып, қонақтардың ыстық ықыласына бөленді.
Жиын соңында балалар шығармашылық үйі директорының міндетін атқарушы Ә.Құтқожиева қатысушыларға құттықтау хат ұсынды.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz