Өткен сенбіде БАҚ өкілдері арасында «Ақжайық» телеарнасының ұйымдастыруымен өңірде телевизияның негізін қалаған һәм аталмыш телеарнаның алғашқы директоры Наурызғали Сыдықовты жұрт жадында жаңғырту мақсатында шахматтан дәстүрлі жарыс өтті. Биыл төртінші рет ұйымдастырылған интеллектуалды сайысқа әдеттегідей облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы қолдау танытты. Бұл жолғы шаршы тақтадағы шайқастарға бұқаралық ақпарат құралдарының 11 өкілі қатысты.
Биылғы ақыл-ой бәсекесі әр партияға 30 минут берілетін, әрі қарсыласыңды компьютер таңдайтын швецариялық жүйемен өтті. Турнир барысында бес партия ойнап, ең көп ұпай жинаған «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Сырымбек Тұяқов бірінші орынды иеленді. Екінші жүлдені «Ақжайық» телеарнасының қызметкері Біржан Кухаев еншілесе, журналистика ардагері Болат Есқалиев үздік үштікті түйіндеді. Жарыстың жеңімпаз-жүлдегерлеріне диплом мен медальға қоса, алған орындарына сәйкес 50 000, 30 000 және 20 000 теңгелік сертификаттар табысталды. Іс-шара соңында тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Наурызғалиұлы Сыдықов интеллектуалды сайысты ұйымдастырушылар мен осы спорттық додаға белсенді қатысқан журналистерге ризашылығын білдіріп, рақмет айтты.
Үшбу турнирге тұрақты қатысып, бұған дейін үш рет жүлдегерлер қатарынан көрініп, биыл жарыс жеңімпазы атанған әріптесіміз Тұяқов Сырымбек Жәрдемұлын жеңісімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық, қызметте жемісті еңбек, спортта әрдайым жеңіс пен сәттілік тілейміз!
Редакция алқасы