4.05.2022, 12:45
Оқылды: 44

Сол бір шаққа саяхат...

Жуырда Тасқала ауданы Амангелді ауылдық округінде үлкен қуанышты сәтке куә болдық. Сонау 1982 жылдары пайдалануға берілген білім ошағына биыл 40 жыл толуда. Аз уақыт емес әрине. Сол қырық жылда қанша шәкірт тәрбиелеп шығарды десеңізші?.. «Тарих. Даму. Болашақ» атты форумның шымылдығын мектеп ұжымынан құралған хормен ашты.

9

Амангелді «мектеп-бөбекжай-балабақша» кешенінің 40 жылдық мерейтойына орай жан-жақтан мектеп түлектері ағылып келді. Оған қоса аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов, «Amanat» аудандық партиясы филиалының атқарушы хатшысы Люция Жұбанышқалиева, аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Қасымова және мектеп басшылары қатысты.

13

Аталмыш форумға келген қонақтардың арасында мектеп бітіргендеріне 35 жыл, енді біріне 30, 25, 20, тіпті 15 жыл толыпты. Бүгінгі күнді сол мектеп түлектерінің басын қосатын күнге ұқсаттық. Аталмыш форумға жиналған қауымға «Мектеп – білім бесігі» атты квест ұйымдастырылды. Бұл шараның бірінші кезеңі болатын. Онда қонақтарға берілген шарфтың түсіне қарай топтарға бөлініп, алты аялдама бойынша танысып шықты. Атап өтсек, «Алтын ұя мектебім « атты деректі фильм кинозал арқылы көрсетілді. Екінші аялдама «Тірі бұрыш» деп аталды. Онда жаратылыстану-математикалық бағытындағы пән мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігі келген қонақтарға өздерінің жұмыстарымен таныстырды. Үшінші аялдама «Бастауыш-білім бастауы» атауы бойынша шараға қатысқан қонақтар бастауыш сыныптағы кездерін естеріне түсіріп, біраз серігіп қалды. Жалпы шараны ұйымдастырушылар тарапынан қонақтардың көңіл күйлерінің жоғары болу керектігіне аса мән бергендері көрініп тұрды.

12

«Балалық шаққа саяхат» деп аты аталып тұрғандай, бір кезек бала кезге саяхат жасау, сурет салу мен серігіту ойындарын ойнау төртінші аялдамадан орын тапты. «Өнер» бірлестігінің шығармашылығы аялдамасында оқушылар күрес түрінен әдістер көрсетіп, шараға қатысушы қонақтар нысанаға көздеп атудан сайысты. Соңғы аялдама мектеп тарихынан сыр шертетін музейді аралау болды. Онда Амангелді ауылының тарихына қатысты экспонаттар қойылған.

11

Айтпақшы, онда аудан басшысы Бауыржан Есқайырұлы естелік кітапшаға өзінің қолтаңбасын қалдырды. «Тарих. Даму. Болашақ» деп форумның атауын бекерге атамағаныңыз көрініп тұр. Қырық жылдың ішінде бірнеше түлек шыққан екен. Және сол түлектердің еліміздің әр жерінде абыройлы еңбек етіп жатқанын естіп қуанып отырамыз. Арамызда отырған ардагер ұстаздарымызды көріп қуанышқа кенелдік. Бастарыңыз аман, денсаулықтарыңыз мықты болсын. Сіздерге қарап кейінгі буын бой түзеп келеді. Оларға сіздер үлгісіздер. Қырық жылда аз уақыт емес. Тарихы тереңде жатқан білім ошағының болашағы да зор болсын. Өзімді сіздермен бірге қуанышты бөліскеніме бақытты санаймын. Көп жылдан бері күрделі жөндеу көрмесе де, барынша күтіп ұстап берекелі шаңыраққа айналдырғандарыңызға алғысым шексіз. Ардагер ұстаздарымыз аман болсын. Алдағы уақытта күрделі жөндеуден өтіп жаңа, әрі жарық ғимаратта тойлауға жазсын. Амангелді ауылының тұрғындарын бүгінгі мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын», - деді аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы.

Құттықтаулар жауған күн

Форумның келесі кезеңі құттықтаулар мен концерттік бағдарламаға ұласты. Аталмыш мектептің іргетасын қалап, ұзақ жылдар бойы шәкірттеріне білім мен тәрбие беріп, адал еңбек пен парасаттылықтың үлгісі атанған ардагер ұстаздар Меруерт Оразқызы, Сейітқали Дүйсекеұлы, Тельман Ғұмарұлы, Қансұлу Кәрімқызы, Қарлыға Базарбайқызы, Мансия Ғұмарқызы, Салима Бектенқызы, Ботагөз Теміржанқызы, Шолпан Жалғасқызы, Мақпал Қасымқызы, Нәсіп Хамидоллақызы, Роза Рысқалиқызы, Сағира Қуанқызы, Гаухар Жұмашқызы, Венера Хаирқызы, Айман Нұрғалиқызы және Әлия Аубакірқызы шараның төрінен табылды. Оларға мектеп ұжымы атынан гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

10

«Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Люция Жұбанышқалиева, аудандық білім бөлмінің басшысы Айгүл Қасымова және Амангелді ауылдық округінің әкімі Саягүл Галиева жүрек жарды құттықтауларын жеткізіп, мектеп ұжымына алғысын білдірді.

14

Мектеп оқушылары мың бұрала би билеп, ән салып көрерменнің қошеметіне бөленді. Мектеп тарихы мен бүгінгісіне арнап аталмыш білім ошағының мұғалімі Жамбыл Қуанышұлы, 10 сынып оқуышлары Алан Ұзақбаев, Шыңғыс Серіков, Арлан Қален мен жас мамандар клубының мүшелері Берік Өтемісұлы, Ермахан Әділханұлы, Дидара Өтепбергенқызы, Әйгерім Жәрдемқызы мен Мейірбек Әділханұлы көркем сөздер оқып шараның көркін қыздыра түсті. Дәлірек айтсақ тілектер мен құттықтаулар жауған күн болды. айтылып жатқан игі тілектердің барлығы қырық жылдығын тойлап жатқан мектеп ұжымына арналды. Аталмыш форумдағы көріністерді көрген көзде арман жоқ. Ұйымшылдық пен ауызбіршілік үйлесімін тапқан ұжымның болашағы зор екендігіне сеніміміз мол. Жасай берсін, білім ордасы!

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале