4.05.2022, 19:00
Оқылды: 64

«AMANAT» партиясының мобильді қабылдауы Талдыапанда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Мұндай ашықтық форматы «AMANAT» партиясында да қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде партияның мобильді қоғамдық қабылдаулары жүргізілуде. Партияның мобильді бригадасы Казталов ауданының Талдыапан ауылдық округіне барды.

IMG-20220504-WA0037

Мобильді топтың құрамында «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Кенесары Нұршинов, Казталов ауданының әкімі Рүстем Зұлқашев, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әлия Қабенова, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев, «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерболат Бекмулдин, Казталов ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Артур Берденов, Казталов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Радж Шәріпов болды. Мобильді қоғамдық қабылдауға келген талдыапандықтар мобильді бригада өкілдерінен округтің түйткілді мәселелерін шешуге ықпал етуін сұрады.

- Бүгін аудан әкімі мен аудандық бөлімдердің басшылары, партияның белді өкілдері, облыстық басқармалары басшыларының орынбасарлары келіп, халықтың үніне құлақ түрді. Қазіргі уақытта Талдыапанда түйткілді мәселелердің алдыңғы қатарында тұрған қатқыл табанды жол, мәдениет үйіне жөндеу қажет. Көп іс бітіп, азы қалды. «Сабыр түбі – сары алтын» деп шыдамдылық танытамыз. Айтылған мәселелер өз уақытында шешімін табады деген сенімдемін, - дейді ауыл тұрғыны Тілеген Нұғманов

IMG-20220504-WA0038

Талдыапандықтардың көңілін алаңдатқан мәселелер қатарында округті келешегі жоғары ауылдар қатарына енгізу, Қайшақұдық елді мекеніндегі клубтың жай-күйі және тағы басқа әлеуметтік мәселелер бар.

- Кезектен тыс ХХІІ съезінде партия төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партия жұмысын қайта жандандыруды тапсырып, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы тиіс екенін атап өтті. Осы мақсатта біздер Талдыапан ауылдық округіне келіп қоғамдық қабылдау жүргізудеміз. Бір байқағанымыз, халық өте ұйымшыл. Жеке мәселелерге қарағанда тұрғындардың көкейінде жүрген қоғамдық немесе ауыл-аймақтың мәселелері бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Тұрғындардың сауалдары білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік салаларын қамтып отыр. Сондай-ақ индустриялық, инфрақұрылымдық мәселелер бойынша да сауалдар болды. Халықтың сұрақтарын назарға алып, шешілуі бойынша алдағы уақытта жұмыстанатын боламыз, - деді «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Кенесары Нұршинов.

IMG-20220504-WA0030

IMG-20220504-WA0036

Партияның мобильді бригадасының жұмысы өңіріміздің өзге де шалғай ауылдық округтері мен елді мекендерді қамтиды деп жоспарлануда.

IMG-20220504-WA0028

Қоғамдық қабылдауға аталған округке қарасты елді мекендердің тұрғындары келіп, ризашылықтарын білдірді.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале