Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев Ақжайық ауылдық округіне ат басын бұрып, ҰОС ардагері Лев Дорофеевке құрмет көрсетті.
Жеңіс мерекесі қарсаңында аудандағы көзі тірі жалғыз ардагердің үйіне батыр жерлесіміздің шағын өмірбаяны мен суреті бейнеленген тақтайша орнатылды. Аудан әкімі жеңісті жақындатқан ардагерге құттықтау хат табыстап, ізгі ниетін білдірді. Лев Ивановичке құрмет көрсеткендердің қатарында Теректі ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы,подполковник К. Бегманов, Ақжайық ауылдық округі әкімі Б. Қадралиев және білім беру саласының ардагері Ғ. Рахметова болды.
Ақжайық ауылдық мәдениет үйі өнерпаздары әсем ән әуелетіп, ардагерге әдемі көңіл күй сыйлады. Өз кезегінде ҰОС ардагері Лев Дорофеев мемлекеттік тілде көсіліп, уақыт бөліп құттықтаған азаматтарға батасын берді.
Айта кету керек, соғыс ардагері Л.Ивановичтің үйіне орнатылған сыңайдағы тақтайшалар аудандағы тыл ардагерлерінің үйіне де орнатылады.
Әділет Орынбасаров
Теректі ауданы
zhaikpress.kz