Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың төрағалығымен аудандық, қалалық жер комиссиялары мүшелерінің қатысуымен селекторлық кеңес өтті. Кеңесте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге конкурс өткізу мәселесі қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиев сөз алды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлермен жұмыс істеуге ниет білдірген шаруа қожалықтардың саны күннен-күнге артып келеді. Бұған мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар басты себеп болып отыр. Басқарма басшысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жергілікті жер комиссиялары жұмысының нәтижесінде конкурстық негізде берілетінін айтты. Мәселен, облыста 2020-2021 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы жерлерін беру мақсатында 101 конкурс өткізіліпті. Аграрийлерден бес мыңға жуық өтінім қабылданған. Нәтижесінде аумағы 942 мың гектарды құрайтын 1197 жер учаскесі берілген. Яғни өтінімдердің тек 25%-ы қанағаттандырылған.
– Бұл салада кемшіліктер де бар. Қазір облыс көлемінде жер пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындылары, соның ішінде жер комиссиясының жұмысы наразылық тудырып отыр. 2020-2021 жылдары аралығында облыста конкурсқа қатысушылар конкурстың қорытындыларына келіспей, сотқа 28 талап-арыз берген. Соттың қарауына түскен істердің көпшілігі Ақжайық, Сырым, Жаңақала және Теректі аудандарына тиесілі. Қанағаттандырылған талап-арыздарды зерделеу барысында комиссия жұмысынан кемшіліктер анықталды. Мысалы, конкурсқа қатысушылардың балдары тең болса да, ашық дауысқа салмаған, – деген Мұрат Амангелдіұлы жер комиссияларының жұмысындағы кемшіліктерге тоқталды.
Селекторлық кеңеске облыстық соттың судьясы Ғ.Дәулетқалиева, облыс прокурорының орынбасары М.Сарпеков, қала, аудан әкімдері, жер комиссияларының мүшелері қатысты.
Айна Имашева,
сурет О.Каткованыкі,
zhaikpress.kz