Бүгін 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толды. Облыс әкімі Ғали Есқалиев осы айтулы мерекеге орай ұйымдастырылған ағаш отырғызу іс-шарасына қатысты.
Облыс орталығындағы Оқушылар және жастар сарайының ауласына 30 түп қайың мен терек отырғызылды. Жасыл желек егуге Орал қаласындағы әскери-патриоттық тәрбие беретін «Жас сарбаз» сыныптарының шәкірттері де атсалысты.
Одан әрі мерекелік іс-шара «Атамекен» өнер ордасында жалғасты. Салтанатты жиында Мемлекеттік Ту ортаға әкелінді.
Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімнің үрмелі аспаптар оркестрі Гимнді орындады. Әнұранды залдағы көрермен, әсіресе Ұлттық Ұлан сарбаздары да қосыла шырқады.
– Құрметті Отан қорғаушылар, сіздерді Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтаймын! Отан қорғаушылар ежелдан-ақ намыс пен айбардың, ерлік пен батырлықтың, патриотизм мен өз халқына қалтқысыз қызмет етудің үлгісі болған. Қазақстандықтар өз өмірін бостандық пен тәуелсіздік үшін қиған қаһармандардың ерлігін жадында сақтап келеді. Сіздердің жауынгерлік наградаларыңыз – қазақстандық отбасылар үшін баға жетпес жәдігер. Бүгінгі күні бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға облыстың түрлі күштік ведомство өкілдері үлестерін қосып келеді. Құрметті офицерлер мен сарбаздар, айбынды армиямыздың даңқты дәстүрі кең байтақ жерімізді жанқиярлықпен қорғап қалған батыр бабаларымыз бен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өшпес ерлігінен бастау алады. Бүгінде әскеріміз тәуелсіз Қазақстанның берік қалқаны ретінде жауынгерлік шеберлік пен асқақ рухтың үлгісін көрсетуде. Бұл мерекеде біз өмірін Отан қорғауға арнаған, антына адал жандарға ерекше құрмет көрсетеміз. Ерлік, міндет, абыройды қатар алып жүрген әскери қызметшілерге және қорғанысымызды қамтамасыз ететін азаматтарға алғыс білдіремін. Сіздердің қызметтеріңіз еліміздің тәуелсіздігі мен әр шаңырақтың тыныштығының кепілі. Айбынымыз әрдайым асқақ, байрағымыз қашанда биік болсын,– деген Ғали Нәжімеденұлы прокуратура, полиция, төтенше жағдайлар қызметкерлері мен шекарашылардың маңызды қызметін атап өтті.
Салтанатты жиында облыс басшысы бір топ әскери қызметшіні марапаттады. Алдымен қасіретті қаңтарда әскери борышын атқару үстінде қаза тапқан әскери қызметкер, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, подполковник Сәндібек Хаировтың ата-анасына құрмет көрсетті. Сәндібек Хаировтың әкесі Ғалимолла Нұрсайынұлы мен анасы Жұмағаным Жұрхабайқызына алғысхат табыс етті.
Мерекелік марапатқа ҚР Қауіпсіздік қызметінің ардагердері Лұқпан Мұхамедиев, Ават Измайлов, Ауған соғысы ардагерлері Таһир Косчанов, Жұмабай Телеупов және шекара, полиция, ҚР Әуе қорғаныс күштерінің, әскери бөлімдердің қызметкерлері ие болды.
Отыз жылдыққа арналған салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.
Облыстың танымал әншілері мен полиция департаментінің вокал тобы «Батыс қырандары», «Мемлекетім менің», «Тәуелсіздік таңы» сынды патриоттық әндерді шырқады.
Оларды облыстық эстрадалақ-симфониялық оркестрі мен 5517 әскери бөлімнің үрмелі аспаптар оркестрі сүйемелдеді.
Мың бұралған бишілер де көрерменнің көзайымы болды.
Айна Имашева,
Фотосурет: Рафхат Халелов
zhaikpress.kz