9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай Теректі аудандық Достық үйі алаңында салтанатты жиын өтті.
Жиын Теректі ауданы тұрғындарының «Азат етуші жауынгер» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуінен басталды. Батырлар рухына жауынгерлік құрмет көрсетіліп, бір минут үнсіздік орнады.
Ұлы Жеңістің 77 жылдығына арналған мерекелік концерттте аудан әкімі Тілек Габдушев сөз сөйлеп, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
- Ұлы Жеңіс күні майдангерлер мен тыл ардагерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухының жемісі. Адамзат есінде қалған сұрапыл соғыс жылдары тарихын ұлықтайтын ұрпақ барында ұмытылмақ емес. Сын сағатта кеудесін оққа тосқан батыр бабаларымыздың есімдерін ұрпақ жадында жаңғырту – біздің перзенттік борышымыз. Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды, - деді Тілек Александрұлы.
Мәдениет үйінің жезтаңдай, күміс көмей әншілері әсем әнді әуелетсе, «Жұлдыз» үлгілі би ансамблінің бишілері мың бұрала би билеп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Мерекелік жиын соңында теректіліктер даңқты капитан, Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түскен қаһарман Иван Зреловтің ескерткіші жанына жиналды. Соғыстан кейін Теректі ауылында тұрып, еңбек етіп, осы жерде дүниеден өткен жерлесімізді ұлықтап, гүл шоқтарын қойды.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz