Бөкей ордасы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Асхат Сан Сайқын ауылының тұрғыны, елжанды ұрпақ тәрбиелеген Гүлнәр Бисембаеваға құрмет көрсетті.
Гүлнәр апамыздың бес ұлы да Отан алдындағы борыштарын өтеп, әскерде болған. Бес ұлдың екеуі әскери қызметті таңдаған екен.
Нұрлыбай ағамыз бен Гүлнәр апамыздың тұла бойы тұңғыштары Жасқайрат бүгінде Ақтаудағы 30153 әскери бөлімнің (майдан авиациясы) авиациялық эскадрилья командирінің инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары- қызмет бастығы. Шені - майор.
Алмат да аға жолын жалғастырыпты. ҚР Ұлттық гвардияның Орталық өңірлік қолбасшылығы жауынгерлік қызмет басқармасының аға офицері. Бүгінде ол подполковник шенін алып үлгерген.
Еркебұлан әскери борышын бастапқыда Жамбылдың Қордай ауданы Отар әскери бөлімінде, кейін Атырауда өтеген.
Мерей теңіз флотында, нақтырақ айтсақ, Ақтаудағы 2201 әскери бөлімде болып Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген.
Кенже ұлдары Мереке Семейдің Аягөзінде әскерде болған.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Асхат Сан:
- Қазіргідей әскери борышын өтеуден жалтарғандар, ебін тауып, әскерге бармай қалуға тырысатын пысақайлар көбейген заманда бес ұлы бірдей Отан-ана алдындағы азаматтық борышын өтеп келген әулеттер- ұлт мақтанышы. Ұлдарын азамат қып тәрбиелеп, "әскер - жігіт үшін өмір мектебі" деп әскерге барғанын қолдап, жігерін қайрайтын марқұм Нұрлыбай ағамыз бен Гүлнар апамыздай ата-аналарымыз көп болса екен, - деген тілегін білдіріп, сый-сыяпатын табыс етті.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz