Сырым ауданы Көгеріс негізгі мектебінің 85 жылдығына орай қазақ күресінен 2010-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында аудандық турнир өтті.
Сырым аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырған аталмыш турнирге Көгеріс ауылының азаматтары біркісідей атсалысып, демеушілік жасады.
Турнирдің ашылу салтанатында Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Салауат Нұрпейісов құттықтау сөз сөйлеп, жас палуандарға сәттілік тіледі. Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Б.Ихсанов, Көгеріс негізгі орта мектеп директоры М.Меңжанов жүрекжарды тілектерін айтып, ауыл ақсақалы Қосыбек Әлжанов батасын берді.
Көгерісте өткен алғашқы аудандық белдесуде 7 салмақ бойынша, 50-ге тарта палуан бақ сынады.
«Алғашқы» деуіміз де бекер емес, осы ауылдың азаматтары Ерік Мұхамбетқалиевтің әніне, Байжан Ізімовтің сөзіне жазылған жастарға жігер берер «Көгеріс» әні де алғаш рет орындалып, ел алдында тұсауы кесілді.
Боз кілемдегі белдесу нәтижесінде 26 келі салмақ дәрежесі бойынша ІІІ орынды Н.Ізімғали мен А.Шалабаев өзара бөліссе, ІІ орынды Е.Мұрат, І орынды жымпитылық М.Аманқос иеленді.
29 келі салмақта Д.Құлсары мен Б.Қобыланды ІІІ орын, Н.Өтеп ІІ орын, көгерістік А.Мәдиұлы І орын еншіледі.
32 келі салмақта А.Жолдықайыр мен Е.Ғазиз ІІІ орын, Ә.Жайлыханов ІІ орын, өлеңтілік С.Құрматов І орын тұғырынан көрінді.
35 келі салмақ дәрежесінде Ш.Төреғали мен Т.Шалабаев ІІІ орын, А.Бақытжан ІІ орын, өлеңтілік Ғ.Насибуллин І орын иегері атанса, 38 келіде Е.Қазбек пен Д.Сансызбай ІІІ орын, Б.Ерген ІІ орын, өлеңтілік Қ.Ерулат І орын иегері атанды.
42 келі бойынша жосалылық І орынды А.Бердіғали, ІІ орынды А.Ербол, ІІІ орынды Ә.Жәңгір мен М.Жоламанов өзара бөліссе, +42 келі салмақ дәрежесінде көгерістік Е.Ғабдыкәрім І орынға, А.Жазықбай ІІ орынға, М.Ерсайын мен Р.Зайдолла ІІІ орынға табан тіреді.
Одан бөлек, аралтөбелік Аһмад Ербол «Ең жақсы әдіс көрсеткені үшін», ақсуаттық Фазыл Дияр «Жеңіске деген жігерлігі үшін» номинацияларына ие болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом және естелік сыйлықтар табыс етілді.
Айта кету керек, бұл турнирге қатысқан палуандар тек ұйымдастырушылар тарапынан берілген сыйлықтармен шектелмей, «берсең, балаға бер» демекші, ауыл азаматтарының қаржылай қолдауына да ие болды.
Көгерістің атымтай жомарт азаматының бірі Жарқын Ғұсманов күрес үйірмесінің бапкері Темірлан Наурызбайға ат мінгізіп, ауылдың атынан алғысын білдірді.
Иә, мықты бапкерден тәлім алған шәкірттердің осал болмасы анық. Әйтсе де болашақ чемпиондар арқаны кеңге салып, алаңсыз жаттығуларын жасайтын, іші кең, жарық, жылуы бар жаттығу залында шынықса ауылдың ғана емес, ауданның мерейі үстем болмас па еді?!
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz