Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиев Дариян ауылындағының жұмысымен танысу кезінде мәлімдеді.
Құрылғанына алты жылдай уақыт болған «Сағынғалиев» ЖК шұжық өндірумен айналысады. Негізінен тапсырыс бойынша өнім шығарады. Оралдық кәсіпкерлер тапсырыс беріп, өздерінің дүкен, базарларында сатады. «Біз мына ғимаратты жалға алып отырмыз, - деді шағын шұжық цехының жетекшісі Исатай Сағынғалиев. - Жалдау ақысының қымбат болуы себепті өз дүкенімізді ашуға мүмкіндік болмай тұр. Біз замануи шағын цех ашқымыз келеді. Жобалық құжаттамалары дайын. Оған қатысты бір мәселе бар. Жаңа трансформатор қажет. Бүгінде оның бағасы шарықтап кетті, алу қиын. Оны қондырудың өзіне біраз қаржы керек. Егер ол түйіткіл шешілсе, өнім түрлерін көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашқымыз келеді».
Облыс әкімі қаладағы «Ел ырысы» базары басшылығымен арада өнім өндірушілер үшін жеңілдеу бағаға жалдау ақысын ұсыну туралы келісім бар екенін айтты. Егер өздері тікелей сауда-сатық жасағысы келсе, базар басшылығымен сөйлесе алатынын да жеткізді. Кәсіпкер бұл олар үшін тиімді болатынын айтты. Әйтпесе өзгелер бұлардан 1200 теңгеден сатып алып, қаладағы сауда орындарында 1800 теңгеден сатылуда. «Ел ырысынан» жеңілдеу бағамен орын берілсе, өздері сонда барып өнімдерін қолжетімді бағамен сатуға дайын.
Өңір басшысының Оралдағы трансформатор зауытымен келісіп, екі жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігімен жаңа трансформатор алу туралы ұсынысына кәсіпкер қуана келісті.
- Өңірімізде «Дариян шұжығы» деген бренд қалыптасты. Осындай өнім өндіріп отырған жандарды қолдау – біздің міндетіміз, - деді Ғали Нәжімединұлы.
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы,
zhaikpress.kz