Жаңақала мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының әдіскері Салтанат Жанғалиқызының 7-сыныбындағы «Жаңақала қаламгерлері» авторлық таңдау курсы бағдарламасының жоспарына сәйкес, жерлес ақтаңгер айтыс ақыны Асылбек Ишановтың өмірі мен қысқа ғұмырындағы шығармашылығына арналған қорытынды сабақ туған жері Жаңажол ауылында өтті.
«Ақын рухына тағзым» тақырыбындағы әдеби-поэзиялық қорытынды сабақ, ең алдымен, мектеп алдындағы орнатылған ақынның ескерткішіне гүл қойып, 1 минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Құшақ жая қарсы алған мектеп ұжымы одан әрі мектеп мұражайына кіргізіп, ішіндегі жәдігерлермен және Асылбекке арналған бұрышпен таныстырды. Кездесу барысы мектептің мәжіліс залында жалғасты. Ақынның өмірі мен шығармашылығына шолу жасалған Жанайдар Болатбекұлының бейнеролигі жіберілді. Ұйымдастырушы Салтанат Жанғалиқызы жас ұрпақтың туған жерінен өмірге келген ақын-жазушылардың шығармашылығын білу міндет пен парыз екенін, жалпы бұл бағдарламаның мақсаты мен міндеттерін, алға қойған мақсаттары туралы айта кетті.
Оқушылар ақынның «Аманат» кітабында жарық көрген өлеңдері мен ақынға арналған арнауларды жатқа оқыды. Қорытынды сабақ барысында оқушылар ақынның ұстаздары, апасы, жеңгесі және ізін басып келе жатқан жас ақын Орынбек Меңдіқұловқа көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, жауап алды.
Жаңақала мектеп-гимназиясының кітапханашысы Г.Аманғалиева ақын шығарамашылығына дайындалған бұрышпен таныстырды. Қорытынды сабақ жерлес ақын З.Сисенғалидың сөзіне жазылған «Ақжайық - ару мекенім» әнімен аяқталды.
Оқушылар «Сабақты ине сәтімен» дегендей жас ақын Орынбек Меңдіқұловпен естелік суретке түсіп, өлеңі мен «Ана» және «Түлектер сағынышы» әнін автордың орындауында тыңдап, риза болып тарады.
Жарас Садық,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz