Шыңғырлау ауданы Ақбұлақ ауылдық округінде бірлігі мен берекесі жарасқан отбасылар тұрады. Ауылдың тірлігін ер азаматтар дөңгелетіп отырса, ал жанұяның барлық жұмысы ақжаулықты аналар мен келіншектерге тиесілі. Пешке нан салып, құс бағып, бала-шағаның тәрбиесімен айналысып, бірсыпырасы жұмысты да үлгеріп жүргені. Әйел адамның ошақтан қазаны түспесін деп келіндеріне ақыл-кеңесін айтып отыратындардың бір Мәрия Қаналиева. Ауылдастары да, одан кейін ізін қуған ауылдағы жастар да Мәрия апайды Нұрбике атап кетіпті. Бұл есімге үйренгені соншалықты, сол үшін ешқашан ренжімепті. Мәрия 1951 жылдың 20 мамыр күні дүниеге келіпті. Ол кезде әкесі Ахмет Орынбор облысы Беляев ауданы Буртинский совхозында еңбек еткен. Тағдырдың жазғаны сол шығар, ауыр жұмыс па, денсаулықтың нашарлығы ма, әйтеуір ата-анасы ерте қайтыс болып, Мәрия апамыз ата-әжесінің қолында өсіпті. Әйтсе де кемпір-шал болса да үлкендер қыздың жағдайын жасап, тіпті 7 кластық білім алуға көмек берген. 1966 жылы Мұхамбетқали атты азаматпен бас қосып, отбасын құрады.
1976 жылы Шыңғырлау ауданына қоныс аударып, міне содан бері талай жылды өткеріп, үбірлі-шүбірлі, немерелерін де көріп, тағдырына алғыс айтып отыр.
Қарап отырса, 1977 жылдан бастап Шілік ауылында сауыншы, қой төлдеуде сахманшы, қой қырқуда, осындай әр салада жұмысшы бола жүріп еңбектеніпті. Жұмыстың қай-қайсысынан да қашпай, тіпті таңдауға мұрша болмапты. 5 жыл бойы жаңа салынып жатқан совхоз үйлерінің қабырғаларын майлап, құрылыс саласында сылақшы болып та еңбек етті. Бірінен соң бір балалары дүниеге келіп, үйде де жұмыста да тыным таппаған кездері әлі есінде. 1984 жылы пошта торабына пошташы қызметіне кіріп, содан тапжылмастан жұмыс жасап, сол жерден 1992 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты.
Әр жылдары еңбек еткеніне орай мақтау қағаздарымен марапатталған ана үйдің жұмысына да, бала тәрбиесіне де үлгеріп баққан. Қазір ғана ойлап отырса 10 бала өсіру оңай емес. Шүкір деуден тынбайтын ананың Мұхамбетқали Апошевтай сенімді де әркез сүйеу болған жолдасы бар. Өзі «Алтын алқа» иегері. Балалары әр салада еңбек етіп жүр. Бірнеше немере-жиендердің әжесі екендігін мақтан тұтады.
Жолдасы Мұхамбетқали Апошевті ауылда бәрі «Костя ағай» дейді. Зейнет жасына келгенше әр салада автокөлік жүргізуші болып еңбек етіп, қос жанарынан айрылса да тірлікке деген құлшынысы бойында. Баршасымен аралас-құралас болып, бейнетінің зейнетін көріп отырған ауылдың қариясының естеліктері көп.
Мәрия апаның айтуынша, 46 жылдай Ақбұлақ ауылын мекен еткендіктен, олар туған жеріндей құрмет тұтады. Әсіресе, ауыл азаматтары-Азамат Исламбеков, Берік Оңғаралиев және медбикелері Назым Мәлікқызы мен Айкөркем Мұратқызының көмектерін ұмытпақ емес. Сондай-ақ, қос қария қазағымның мақалы «алыстағы ағайыннан ауылдағы көршің артық» деген сөздің қадірін де жете түсінген жандар.
Он бала өсіріп, өндіріп, әрі жұмыстан қол үзбей, өмірлері еңбекпен өрілген Мәрия апа мен Мұхамбетқалидай еңбекқор адамдар елімізде көп болып, олардың тәлім-тәрбиесі келесі ұрпақ бойына сіңсін!
Айгүл Қаленова,
Ақбұлақ ауылдық округі жанындағы
әйелдер кеңесінің төрайымы