19.05.2022, 12:15
Оқылды: 56

Малға жайылым, шабындыққа жер керек 

Өткен аптада Теректіде аудан әкімі Тілек Габдушевтің тұрғындарымен кездесулері басталды. ҚР Президентінің 2022 жылғы 7 наурыздағы "Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы" Жарлығына сай, аудан әкімі ауылдарда тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу өткізіп отырады.

IMG-20220517-WA0064

11 мамыр күні ол екінші тоқсандағы кездесулер легін Шағатай ауылдық округінің орталығы – Шағатай ауылында бастады. Округ әкімі Оразбек Құсайынов жалпы жағдайды баяндап өтті.

4 елді мекенде небәрі  1669 адамы бар округте халық негізінен малмен күн көреді. Ақпан айында өткен кездесуде тұрғындар жайылымдық жерді кеңейту, мал дәрігерінің жетіспеушілігі жайлы сөз қозғаған болатын. Осы жолы да қажеттіліктерін айтқан шағатайлықтар ауылда дәріхана ашу керек дейді. Және электр желісінің үзіліп қалатыны бар.

Ақсоғым ауылдық округі орталығындағы басқосу да осы ретпен өтті.

Округ әкімі  Мүфтах Дүйсенғалиев былтыр жыл аяғына таман Ақсоғым ауылына «AKTIV» ұялы байланысын жеткізіп, халық ризашылығын алған болатын. Бұдан бұрын айтылып келе жатқан Ақсоғымға кіреберіс 6 км жолды жөндеу – алдағы күн еншісінде. Жоба әзірге мемлекеттік сараптамада. Жалпы, бұл жиында ауылдың күнделікті тірлігіне қатысты ағымдық мәселелер – мал бағымы, ветеринарлық шаралар жүргізу айтылды. Ал бозайлықтар мал жайылымы жерін кеңейту қажет деп отыр. Малмен күнелткен халық үшін бұл - маңызды мәселенің бірі.

IMG-20220517-WA0065

Келесі күні кездесу Ақжайық пен Ұзынкөл ауылдық округтерінің орталықтарында өтті.

Тұрғындар суландыру жүйелерін қалыпқа келтіру, мал азығының бағасын көтермеу жайында мәселе қозғады. Ұзынкөлде ірі қара малдың бруцеллез ауруына шалдығуы, оның алдын алу шаралары жайлы мамандармен кеңесті. Сонымен қатар ауыл тазалығын сақтау, тал-терек отырғызуға байланысты әңгіме көтерілді. Аудан басшысы, округ әкімдеріне инвестиция тарту, салықтық базаны көтеру, мал бағымын тиянақты ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

13 мамыр күні аудан әкімі тағы екі округ тұрғындарымен кездесті.

Шалқар, Аңқаты ауылдық округтерінде де айтылған мәселелерді аудан әкімі қаперіне алды. Шалқар округінде дәрігерлік амбулатория дәрігерсіз екен. Және амбулаторияға жаңа ғимарат керек. Дәл осы ғимарат салу жөнінде дайындық жұмыстары басталып кеткен. Ал дәрігер орны әлі ашық. Аңқаты ауылдық округінде Қандық ауылының тұрғыны Еркін Ғабдоллин шабындық жер аз деп, халыққа мал азығын дайындайтын жер көлемін өсіруді айтты. Тұрғындардың сұрақтарына жұмыс тобы құрамында барған сала басшылары мен мамандар жауап беріп отырды.

Кездесу барысында аудан әкімі алдымызда тұрған үлкен шара – Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтыруларға  енгізуге байланысты жарияланған референдум жайында түсінік берді.

Әр кездесуден соң аудан әкімі бастаған жұмыс тобы тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Бұл шара 20 мамырға дейін барлық ауылдық округтердің орталықтарында өтеді.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале