23.05.2022, 12:45
Оқылды: 110

«Желбіре, жеңіс жалауы!»

Мамыр айының 16-17-сі күндері Х. Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Желбіре, жеңіс жалауы!» тақырыбында мәнерлеп оқудан сайыс ұйымдастырылды. Облыстық және қалалық мектептердің 8, 9-сынып оқушылары бақ сынасқан байқау Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһармандары Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова және Темір Масиннің мерейтойына орайластырып өткізілді.     

4

Байқау мамырдың 16-сы күні басталып, келесі күні жүлдегерлерді марапаттау салтанатына ұласты және Жеңіс күніне арналған концерттік бағдарлама қойылды. Онда мерекелік тақырыпқа сай әндер шырқалып, көркем би биленді. Кітапхана оқырмандарының қатысуымен Мәншүк Мәметованың өмірінің маңызды шақтарынан, қиын кездерінен құрастырылған қойылым сахналанды. Көрініс ойдағыдай орындалып, жарысқа жиналған көрерменнің көзіне жас алғаны аңғарылды.

3

Қазылардың бағалауы бойынша оқушылар төмендегідей марапаттар мен аталымдарға ие болды. Байқаудың 8-сынып және 9-сыныптар болып, екі топ бойынша өткендігін ескерте келе, әуелі кіші топ қатысушыларының жеткен жеңістерін жариялайық: №47 мектептің оқушысы Ернұр Жұмантай «Ұшқын», №38 мектептің өнерпазы Гауһар Сарқұлова «Көрермен келбеті» аталымын қанағат тұтты. Ал жүлделі ІІІ орынды №25 мектеп оқушысы Ақеркем Нұқатова мен Круглоозерный орта мектебінің оқушысы Айша Төлегенова қанжығасына байлады. Жеңіс тұғырының ІІ сатысынан №44 мектеп-гимназиядан қатысқан Рухина Мұхтарова көрінсе, І орынды №45 мектеп оқушысы Әсет Азизов жеңіп алды. Ал жарыстың бас жүлдесін №48 мектептен келген Аружан Мұратханова иеленіп, мәнерлеп оқудың шебері екенін дәлелдеді. Ал 9-сыныптар арасынан Сабина Темірханға (№48 мектеп), Мөлдір Ғарифуллинаға (№ 44 мектеп-гимназия), Дина Мұхамбетоваға (№25 мектеп) арнайы тағайындалған атаулы аталымдар бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды Альбина Әділғалиева (№20), ІІ орынды Валерия Павлова (№17), І орынды Мөлдір Салауат (№47) иеленіп, бас бәйгені №41 мектептің үміті Дильназ Қалымбет жеңіп алды.

5

Жарысқа орыс ұлтының өкілдері де қатысып, өлеңдерді қазақ тілінде мүдірмей оқып, төл дыбыстарымызды таза айтқандығы көңіл қуантады. Оқушылардың бұл датаны шын мәнісінде боздақтарымызды еске алу күні деп қабылдап, тебірене оқыған жырлары жүрекке жетті.

Нұртілеу Қадырқұл,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале