Жексенбі күнгі таң. Негізінен ауыл жұрты үшін демалыс күні тым-тырыс болуы шарт еді. Бірақ ояндықтар ертемен тұрып сайлау учаскесіне асықты. Себебі онда Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, Қосшы ауылдық округі әкімінің кезекті сайлауы өткізілді.
Сағат тілі таңғы 7.00-ді көрсетіп тұрған шақта, есігін айқара ашқан сайлау учаскесіне ауыл халқы белсенді қатысты. Ауыл көшесіндегі сапырылысқан жұрт өз таңдауларын жасауға асықты. Бақылаушылар мен сенімді өкілдер де орындарынан табылды. №341 сайлау учаскесінің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Талғат Шакиров сөз сөйлеп, ояндықтарға сәттілік тіледі. Таңмен сайлау учаскесіне келіп өз дауысын берген ардагер ұстаз Күнайым Гиметдинова да ауылдастарын белсенді қатысуға шақырды. "Құрметті менің ауылдастарым. Бұндай дәстүр біздің ауданымызда алғашқы рет өткізіліп отыр. Соның ішінде Қосшы ауылдық округінің әкіміне таңдау жүргізу халықтың еркіне берілген екен. Осы орайда ауылдастарым дұрыс таңдау жасайды деген сенімдемін. Бүгінгі сайлау науқанына белсенді қатысуларыңызды сұраймын. Барлығыда сәтімен болсын", - деген Күнайым Мәжитқызы аналық ақ тілегін білдірді.
№341 сайлау учаскесі комиссияның төрағасы Дархан Темірғалиевтың айтуынша, сайлау учаскесі кешкі 20.00-ге дейін ашық болып халыққа қызмет көрсетті. Ауыл тұрғындары өз таңдауларын жасау үшін сайлау учаскесіне көптеп ағылды. Дәл осындай сайлау учаскесі Кеңжайлау елді мекенінде де халыққа қызмет көрсетті.
Әсет Баян,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz