«Балалар жылы» аясында бүгін Орал қаласының әкімі М.Сатқанов Орал қаласындағы дарынды шәкірттерді қабылдады. Оқушылар мен жетекші ұстаздарын оқу жылы аясында жеткен жетістіктерімен құттықтап, алғысхат табыс етті.
Биылғы оқу жылын қалалық білім беру ұйымдары табысты аяқтауда. Оқу жылы аясында ұйымдастырылатын барлық байқаулардың ішінде бәсі биік білім додасы – жалпы білім беретін пәндер бойынша өтетін олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысында қала командасы – жүлделі бірінші орынды иеленсе, республикалық қорытынды кезеңге қатысқан 27 оқушының 12-сі жүлдегер атанды. Олардың біреуі – алтын, төртеуі – күміс, жетеуі – қола жүлдені иеленді.
Кездесуге олимпиаданың төрт кезеңдік сынынан сүрінбей өткен жүйріктер мен оларды осындай табысқа жетелеген ұстаздары қатысты. Қала әкімі Миржан Сатқанов өз сөзінде дарынды ұл-қыздарды құттықтап, ұстаздары мен ата-аналарына алғысын айтты.
– Оқушыларымыздың республикалық деңгейде жетістікке жеткені бәрімізді қуантады. Осы деңгейге жету үшін сіздер тынбай ізденіп, табандылық таныттыңыздар. Бұл жетістік – сіздердің адал еңбегіңіздің нәтижесі. Осы жолда сіздерге бағыт-бағдар берген ұстаздарыңызбен, әр кез қолдау танытып бар жағдайды жасаған ата-аналарыңызға алғыс айтамыз. Қала мектептеріндегі білім беру үрдісі дұрыс жолға қойылған. Осы бағытта жұмысымызды жалғастырып, балаларымыздың биік белестерден көріне беретініне сенемін, – деді қала әкімі Миржан Сатқанов.
«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» ұстанымындағы дарындар кездесу барысында шығарамашылық байқаулардағы жетістіктері, зерттеушілік жұмыстарға қызығушылықтары туралы бөлісті. Болашақта еліміздің бәсекеге қабілетті жастары қатарын толықтырып, адал қызмет ететіндеріне сендірді. Сонымен қатар «Балалар жылында» дарынды оқушыларға көңіл бөлгені үшін қала әкімі Миржан Мұнайдарұлына алғыстарын жеткізді.
Ұстаздар атынан Жеңіс Хамзин, Татьяна Никифорова олимпиаданың әр кезеңі «бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» қағидасымен жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, соның нәтижесінде ең дарынды, талапты ұландар озып, қала мерейін, облыс намысын абыроймен алып шыққанын атап өтті. Білім жолында еңбек етіп жүрген ұстаз үшін шәкірттердің жетістігі мен мемлекеттің тарапынан жасалып жатқан қолдау – жұмысқа деген ынта-жігерді оята түсетінін айтты.
Кездесуде дарынды оқушылар мен жетекші мұғалімдеріне қала әкімінің атынан алғысхаттар мен оқушыларға сый ұсынылып, ұстаздарына 50 мың теңге сертификат табысталды.
Орал қаласы білім беру бөлімінің баспасөз қызметі