Бүгін — 25 мамыр, Ұлы даланың барлық мектептерінде соңғы қоңыраудың күміс үні сыңғырлайтын күн. Мектеп бітіруші түлектер соңғы қоңырау үнімен тебіреніп, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» алтын ұя – мектептерімен қимай қоштасар сәт. Білімнің ордасы, жылылықтың мекеніне айналған мектеппен қош айтысар түлектердің жадында мәңгі жатталатын шақ. Дәл осы күні жүректері дүрсілдеген жеткіншектер қияға қанат қағады.
Бүгін Жәнібек ауданының барлық мектептерінде соңғы қоңырау сыңғыры естілді. Солардың ішінде №1 мектеп-лицейінде де салтанатты жиын өтті. Шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, облыс әкімінің Жәнібек ауданы бойынша өкілі әрі кураторы Самиғолла Оразов, аудан әкімі Азамат Сафималиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бағида Сарбалина, ардагер ұстаздар және осыдан 50, 45, 40, 37, 35, 30, 25, 20, 15 жыл бұрын мектеп бітірген мектеп түлектері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге сәт-сапар тілесе, аталмыш мектеп-лицейі директорының міндетін уақытша атқарушы Светлана Хайрушева биылғы мектеп түлектерінің жетістіктерін атап өтіп, ақ жол тіледі.
Соңғы қоңырауды соғу рәсімі биылғы мектеп түлектеріне берілді.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz