Шыңғырлау ауданына қарасты Ақшат ауылының тумасы Нұрхат Қалдыбай соңғы қоңырауды өзінің сыныптастарымен бірге емес, Түркия еліндегі ауруханада қарсы алды. Аты жаман ауруға шалдығып, ем қабылдап жатқан жас жеткіншектің тағдыры ешкімді бейжай қалдырмады. Облысымыздағы кей мектеп түлектері мерекелік дастархан мен түрлі ойын-сауықтан бас тартып, оған бөлінген қаржыны өмір үшін күрескен құрдастарына жолдаса, спортшылар қауымы түрлі қайырымдылық жарыстарын ұйымдастырып, түскен ақшаны жаман аурумен бетпе-бет келген Нұрхаттың еміне аударып жатты.
Бір сөзбен айтқанда, ешкім қарап қалмады. Әр адам шама-шарқынша ақша аударып, қиын жағдайға тап болған Нұрхат пен оның тума-туыстары және ата-анасына сабырлылық тіледі.
Ауылы аралас, малы қоралас жатқан Ақшаттағы баласының балтыры сыздағанына төзе алмаған Шыңғырлау ауданына қарасты Алмаз ауылының азаматтары да қиын-қыстау сәтте Нұрхатқа қол ұшын созды. Ол үшін WhatsApp мессенджерінде арнайы топ құрып, оған ойдағы-қырдағы алмаздық жігіттерді қосты.
Көрші ауыл баласына көмек керек дегенді естіген жігіттер игі іске жұдырықтай жұмылды. Осылайша, мамырдың 24 күні басталған қайырымдылық шарасына бір тәулікте 1 миллион 5 мың 240 теңге жиналды.
– Шыны керек, бір күн ішінде дәл осындай көп қаражат жиналады деген ойда болмадым. Кей жігіттер бір бергендерін бірнеше қайталай салып жатты. Шын мұқтажға қол ұшын беруге келгенде ауызбіршілік танытып, елдің елдігін көрсеткен әр азаматқа алғысымыз шексіз. Сондай-ақ 250000 теңге аударып, мәрттіктің үлгісін көрсеткен ауылдасым Миржан Басурмановқа ерекше алғыс білдіргім келеді. Сауапты іске атсалысқан әр алмаздық құрметке лайық, - дейді Нұрхат Қалдыбайдың еміне ақша жинау ісін қолына алып, басы-қасында жүрген Алмаз ауылының тұрғыны Мұрадым Дүйсенов.
Алмаздық жігіттер ауылдасын қолдауды бұнымен тоқтатып қалмақ емес. Шама келгенше қолында барымен бөлісуге ауылдағы әр адам дайын.
Өте көп қаржыны қажет ететін Нұрхаттың еміне ақша аударып, сауапты істен шет қалғысы келмеген жан төменде көрсетілген реквизиттерге ақша аудара алады.
РЕКВИЗИТТЕР:
«Kaspi bank» АҚ
Банк есепшотының нөмері:
4400 4301 6772 5438
Токтубаев Талгат (әкесі) - 8 776 222 99 72 (Kaspi GOLD)
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz