25.05.2022, 19:44
Оқылды: 49

40 жылдық түлектердің игі ісі

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылдық округінде ауқымды істер атқарылуда. Дәлірек айтсақ, туған жеріне деген құрметін іспен дәлелдеген Жаңақазан ауылындағы 1982 жылғы түлектер биыл мектеп бітіргендеріне 40 жыл толуына орай ауылдың ортасынан балаларға арналған ойын-сауық саябағын жерлестеріне тарту етті. Игі істің ашылу салтанатына аудандық мәслихат депутаты Руслан Оразалиев, ауыл әкімі Сәдуақас Ғұбашев, түлектер, ауыл тұрғындары қатысты.

IMG-20220525-WA0110

- Құрметті жерлестер, бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын. Осындай үлгі етерлік ауқымды істер әрдайым жалғасын таба берсін. Ауылымызды көркейтіп, дамуы мен өркендеуіне қалай үлес қоссам екен деген жырақтағы жерлестеріміз бен ауылдастарымыз ауыл халқының сұраныста тұрған жобаларын қолға алып жүзеге асыруда. Елім, жерім деп мақтану бір бөлек, кіндік қаның тамған өлкеге деген сүйіспеншілікті арттыру аса маңызды. 1982 жылы мектеп бітірген аға-апаларымызға алғысымыз шексіз, - деді аудандық мәслихат депутаты Р.Қанатұлы. Сонымен қатар Жаңақазан ауылының әкімі С.Болатұлы да «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп дана халқымыз айтқандай, ауылым, елім деп соққан жүректерің тоқтамасын» деген ақ тілегін жолдап, шынайы алғысын білдірді. Одан әрі балалар ойын-сауық саябағының салтанатты ашылу рәсімі өтті. М.Жүнісов атындағы жалпы орта білім беретін мектепте 1982 жылғы түлектер өмірден өткен 18 сыныптасын еске алуға арналған волейбол турнирін өткізді.

- Біз Жаңақазан ауылындағы М.Жүнісов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде білім алып, оқуымызды аяқтадық. Бүгін, міне, 40 жылдан соң аталмыш мектебімізге келіп, осы бір балалық шақты еске алып, қуанып жатырмыз. Жандары жайсаң, жүректері кең, қаймағы бұзылмаған, осы ауылдың адамдары бізге ыстық әрі жүрегімізге жақын. Ауылымыздың балаларына ойын-сауық саябағын тарту ойымызда жүрді. Осы елдің ұрпағы – болашақ Қазақстанның ұрпағы. Балғындарға қуаныш сыйлау мақсатында қаңтар айынан бастап қолға алған ісіміз бүгін өз мәресіне жетіп, пайдалануға берілді, - деді 40 жылдық түлектер атынан сөз алған Мұратқали Сейтмұхамбетов. Сондай-ақ ауыл әкіміне саябақтың кілтін табыс етті.

Жаннұр Берікқызы, 

Жаңақала ауданы, 

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале