26.05.2022, 11:15
Оқылды: 24

Мерейлі отбасы

Жаңақала аудандық мәдени-демалыс үйінде Отбасы күніне арналған аудандық деңгейдегі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өтті.

Мерейлі отбасы

Мемлекетіміз балалардың бақытты балалық шағы,аналардың үстем мерейі үшін барлық жағдайларды жасау мақсатында зор еңбек етуде. Осы байқаудың басты мақсаты да өнерлі, өнегелі отбасыларды ұлықтау. Байқауға қатысқан өнегелі отбасылар Сахметовтар отбасы (Жаңақала ауылы), Садыровтар отбасы (Жаңақазан ауылы), Құспановтар отбасы (Мұқыр ауылы), Кереевтер отбасы (Жаңажол ауылы), Нұрманғалиевтар отбасы (Бірлік ауылы), Батырхайыровтар отбасы (Көпжасар ауылы) байқау ережесімен танысып, реттік нөмірлерін жеребе суыру арқылы анықтады. Сайыс «Жеті атасын білген ел, жеті жұрттың қамын жер» таныстыру бөлімі, «Өнерлі өрге жүзер» отбасылық өнер көрсету,«Тәрбие тірек отбасында» сұрақ-жауап, жағдаят сұрақтарына жауап беру, «Ата көрген - оқ жонар, ана көрген - тон пішер» қолөнер бұйымдарын қорғаудан тұратын кезеңдерде бақ таластырды.

мерейлі отбасы1

Аудан әкімінің орынбасары және әділқазы алқасының төрайымы Ақнұрлы Нұрғалиқызы, «АMANAT» партиясы Жаңақала аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Жанболатов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдос Ғайнеден, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ақерке Сансызбайқызы, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Ғұмар, аудандық мәдени демалыс орталығының директоры Мұхит Батырханұлы, аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының мұғалімі суретші-безендіруші Жомарт Төлегенов төрелік етті. Бағалау балдық жүйемен есептелді. Көрермендерге Айзада Сейтова, Қуанышбек Айдарбеков, Марат Азамат «Алғыс», «Ана», «Анашым» әндерімен тамаша көңіл күй тарту етті. Нәтижесінде Сахметовтар отбасы І орынға ие болып, облыстық жарысқа жолдама алды. Кереевтер отбасы ІІ орынға тұрақтаса, үздік үштікті Құспановтар отбасы түйіндеді.

мерейлі отбасы7

Арайлым Айденова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале