Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде туған жерінің, туған ауылының барын бағамдап, жоғын түгендеуге, перзенттік борышын өтеуге ниетті азаматтар қатары көбейіп келеді.
Әсіресе, мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30 жыл болған азаматтардың бас қосуы - көптен кездеспеген құрбы-құрдастар балалық шаққа саяхат жасап қана қоймай, туған ауылына тарту жасауға бейімділігі жерлестерінің әлеуетін көтеруге зор ықпал болары сөзсіз.
Оған дәлел, осы мектептен білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге қанат қағып, қазіргі таңда әр салада еңбек етіп жүрген Өлеңті орта мектебінде білім алған түлектердің туған ауылдарына деген сый-сыяпаттары.
Қазіргі уақытта айналасын көгалдандырып, қоршау салынып, мәдени шараларға арналған сахнасымен, қазақылықтың иісін шығарып қақ ортаға 8 қанат киіз үйі орнатылып, Өлеңті ауылының қақ ортасында үлкен демалыс саябағы орналасқан. Ағымдағы жылы наурыз тойында ашылу салтанатын жасап ауыл мерейі бір өсіп қалған еді. Ол үлкен жұмыстың да жүгін көтерген осы мектептен білім алған жігіттер мен қыздар.
Ауылдағы жақсы үрдісті жалғастырып Өлеңті орта мектебін 2002 жылы тәмамдаған түлектер алтын ұяларына "Тірі табиғат" демалу бұрышын жасатып берді.
Бір ерекшелігі, су бұрқақтан аққан судың сыбдыры мен құстардың үні жанға жайлылық сыйласа, аквариум мен бөлме гүлдері көздің жауын алады.
Мектеп директоры Н.Құлмұханова 20 жылдық түлектерге ұжым атынан ризашылығын білдіріп, алғысхат табыс етсе, ардагер ұстаз Қ.Нұриденова шәкірттерінің жасаған жақсылығын көріп, бір марқайып қалғанын жеткізді.
Кеш соңында сөз алған түлектер мектеп ұжымына және жоғарыда аталған бұрышты жасақтауға атсалысқан шеберлер Д.Рахметов пен Н.Батыралиевке алғыс айтты.
Одан бөлек, "жақсылық жалғасын табу керек" деген сеніммен келесі жылы 20 жыл толатын түлектерге игілікті іс челленджін жолдады.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz