Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылындағы Бисен Жәнекешев орта мектебін 2007 жылы бітірген түлектер (15 жылдық) алтын ұясының ғимаратына Махамбет пен Исатайдың муралын салдырды. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» жобасы аясында үш қабатты мектептің қабырғасына қашап салынған қос батырдың бейнесі 1 миллион 400 мың теңгеге шыққан.
Бисен Жәнекешев орта мектебін әр жылдары бітірген түлектер ауылды абаттандыруға, көркейтуге өз үлестерін қосып келеді. Екі жыл бұрын осы мектептің ауласында футбол алаңы бой көтерді. Ол да түлектердің тартуы болатын. Бүгін өскелең ұрпаққа рух, патриоттық сезім беріп тұрсын деп Махамбет пен Исатайдың бейнесін мектеп қабырғасына қашап салдырды. 2007 жылы мектеп бітірген түлектерге алғыс айтамыз. Сондай-ақ білім ұясымен қоштасқандарына 40 жыл болған аға-апаларымыз Ауған соғысының құрбаны, интернационалист жауынгер, Қызыл жұлдыз орденінің иегері, жерлесіміз Зүлзала Жиеналиевке ескерткіш тұрғызса, мектеп бітіргендеріне 45 жыл болған түлектер ауылдың кіре берісіне көше шамдарын орнатты. Сіздердің татулықтарыңыз – жас ұрпаққа үлгі-өнеге, – деді Бөкей ордасы ауданы әкімі аппаратының басшысы Асқар Әжіғалиев.
Салтанатты іс-шара барысында мектеп директоры Айгүл Шамшитденова және түлектердің сынып жетекшілері – Серік Ізтілеуов пен Гүлнар Шамшитденова сөз алып, ақжарма тілектерін жеткізді. Содан соң 1989 жылы туған қыз-жігіттер өмірден озған құрбы-құрдастарын еске алу мақсатында шағын футболдан турнир ұйымдастырды. Жеңген командалар ақшалай сыйлыққа ие болды.
Айта кетсек, муралға жерлес әнші-сазгер Хабиболла Әлесовтың «Орда туған мекенім» әнінен алынған:
«Нарынымның аспанында
Жарқырай берсін жұлдызың.
Исатай мен Махамбеттей
Батыр боп өссін ұл-қызың» деген өлең шумағы жазылған.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz