31.05.2022, 13:00
Оқылды: 75

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

 31 мамыр - ресми түрде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Нәубетті жылдары елімізде 103 мыңнан астам адам солақай саясаттың құрбанына айналды. Алашорда көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев бастаған қазақтың марқасқа азаматтарынан 25 мыңдай адам ату жазасына кесіліп, жазықсыз атылған еді. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Жәнібек ауданында жаппай қуғын-сүргін және аштық құрбандарына арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

IMG-20220531-WA0056

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, білім беру ұйымдарының, дербес бөлімдердің қызметкерлері қатысты.

IMG-20220531-WA0016

Шара саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір  минуттық үнсіздікпен еске алудан бас­талды. Шара барысында репрессияға ұшыраған ата-балар рухына тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды. Солақай саясаттың құрбаны болған аға ұрпақтың аруағына Құран бағыштады. Сондай-ақ аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен жиналған қауымға «Нәубет жылдар жадымызда» тақырыбында кітап көрмесі таныстырылды.

IMG-20220531-WA0022

-Биыл ел Тәуелсіздігіне 31 жыл толады. Осы ширек ғасырдағы біздің жадымызды жаңғыртуға, тарихи әділдік орнату арқылы ұлттық рухты көтеруге септік еткен, маңызды қадамның бірі - 31 мамырды саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп тану. Өмірден өткен азаматтарды еске алу - біздің басты борышымыз. Өйткені «өлі риза болмай, тірі байымас» деген дана қазақтың сөзі бар. Сондықтан бүгінгі күнді ұрпақ жадынан еш шығармауы тиіс,- дейді зейнеткер Бекет Әліпқалиев.

Ә.Әбділдақызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале