1.06.2022, 16:30
Оқылды: 42

Мал бағымы мен көше тазалығына мән берілуі тиіс

Қаратөбе аудандық мәслихатының залында аудан және Қаратөбе округі әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуі өтті. Аудан орталығы халқымен жүздесу барысында есепті кезеңде атқарылған жұмыстар мен қордаланған күрделі мәселелер талқыға түсті.

1

Аудан орталығының тұрғындарымен кездесуінде округ әкімі Берікқали Мұса жыл басынан бері 5 ай ішінде атқарған жұмыстарын баяндап, алда жасалар шаруаларға тоқталды.

Жиналыста сөз сөйлеген Берікқали Жақсылықұлы:

– Округ көлемінде ауыл шаруашылығы жылдан-жылға дамып, асыл тұқымды шаруашылықтар және асыл тұқымды малдардын үлес-салмағы артуда. Ағымдағы жылдың 1 мамырында округтегі мүйізді ірі қара –  7508, қой мен ешкі –  21050, жылқы 1829 басты құрады. Былтырғы жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 17,5 пайызға, жылқы 23,1 % басқа өссе, қой мен ешкі 15,1 % өсіп отыр. Қазіргі таңда елімізде мал басын көбейту ғана емес, түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша субсидиялар алу арқылы мал басын асылдандыру, тұқымдық түрлендіру, шет елге ет экспорттау сияқты бағыттар басымдыққа ие болып отыр. Осы бағытта Қаратөбе ауылдық округінде 7 шаруа қожалық 11  бас асыл тұқымды бұқа алса, 1 шаруа қожалық 80 бас асыл тұқымды аналық  малын алды.

IMG-20220601-WA0041

Мал басы санын көбейту үшін мал арасындағы аса қауіпті аурулардың алдын алып, дұрыс диагностикалаудың мәні зор болып табылады. Жыл басынан бері бруцеллез ауруына 3598 бас ірі қара және 1121 бас қой-ешкі малынан қан тұнбасы аудандық мал дәрігерлік зертханасында зерттеліп, 50 бас ірі қара малы бруцеллез екені анықталды. Ауру малдар түгелдей етке тапсыру арқылы жойылып, тұрған орындары толығымен бұқырланды.

2022 жылы мамыр айында қалалық және аудандық ветеринариялық станциясымен бірлесе отырып, Қаратөбе ауылдық округі бойынша 41 ит биозарарсыздандырылып, 20 ит бұралқы деп танылып, көзі жойылды, - деді.

Халықпен кездесу жиынында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев жыл басындағы жиналыста тұрғындар көтерген мәселелердің орындалуы туралы баяндап, жолданған сауалдарға жауап берді.

Аудан басшысы бұған дейін де тұрғындар тарапынан көтерілген азық-түлік тауарларының қымбаттауы, такси қызметін реттеу, былтыр пайдаланылуға берілген жаңа үйлердегі кемшіліктерді жою, көше шамдарының уақтылы жануы, көше тазалығы, қар суына арнап ауыл шетінен бөгет салу сынды мәселелерге байланысты қолға алынған шараларды айтып өтті.

Жүздесу барысында сөз сөйлеген ауыл тұрғындары Райымбек Абаев пен Еркінбек Жәнібеков ауылішілік жолдарда жол белгілерінің дұрыс орнатылмауы, қатқыл табанды тас жолдың бүлінген жерлері мен құлаған жол белгілерінің қалпына келтірілуі және ауыл тазалығы мен бағымсыз малдың түнгі мезгілде көшеде жүруі туралы мәселелерді көтерді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы ауылда ірі қара мал бағымының ұйымдастырылмай отырғанын тілге тиек етіп, көше тазалығына аса мән беру қажеттігін, тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарды арнайы орынға апарып төгуді бақылауға алуды жауапты орындарға тапсырды.

Биылғы жауын-шашынның мол болуына байланысты шөп шығымы жақсы екендігін атап өткен аудан басшысы мал азығын қымбаттатпау туралы да тапсырма берді.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале