Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығы қарсаңында майдангер ақын, ұлағатты ұстаз болған Иманбай Әбекешұлының «Шежірелі Шалқарым» атты кітабы жарық көрген болатын.
Соғыс жылдары халық арасында кең таралған «Поляк қызы», «Қазақ қызы», «Белгісіз солдат бейіті» жырларының авторы Иманбай Әбекешев Шалқар көлі жағасында дүниеге келген. Өрімдей жас шағында қан майданға аттанған ол - соғыс аяқталғанға дейін қолынан қаруы мен қаламын тастамаған ержүрек жан.
Майданға қайнап тұрған Воронеж түбінде кірген жауынгер фашистерді өз апанында талқандап, жеңісті Германияда, Дрезденде қарсы алды. Айтар сөзге Воронеж бен Дрезден арасы дегенмен, әр қадамы қанмен суарылып, әр шақырымы адамды ажалымен қауыштырған жолдан аман-сау оралған оның арманы елге, туған жерге жету болған шығар.
Сол арманына жеткен Иманбай Әбекешұлы елінен, Шалқарынан алыстаған емес. Өмірін осы жерде өткізіп, Хамза Есенжанов атындағы орта мектепте ұстаздық етті. Туған жердің шежіре-сырын жинап, қағазға түсірді. Артында өшпес із қалдырған жанның біраз жазбаларын, ол жайлы естеліктерді Роза Иманбайқызы жинақтап, алғысөзін профессор Мұрат Сабыр жазып, кітаптың шығуына сеп болған.
Жеңіс күні қарсаңында өткен Иманбай Әбекешевті еске алу кешінде жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Ақын Айтқали Нәріковпен пен Шалқар ауылынан келген рулас ағайыны Тәупен Файзуллин ақсақал кітаптың бумасын кесіп, оқырманға тартар жолын ашты. Туған ауылынан арнайы шақырылған Тәупен Файзуллин, тумасы Талғат Темірболатов, Шалқар ауылдық округінің әкімі Сабырбек Мусин еске алу шарасына қатысты. Көзкөрген замандастары, ардагерлер, ақын-жазушылар ол жайлы естеліктерін айтты.
45 жыл жас ұрпақты тарихтың тереңімен таныстырған ұстаз 1997 жылы өмірден озған еді. Қан майданнан аман оралған сарбазға туған жердің топырағы бұйырды. Өзі ортада барында «Шалқар», «Жеңіс жылдары» жыр жинақтары жарық көрген ғазиз жанның «Шежірелі Шалқарым» кітабы жерлестеріне – естелік, жас ұрпаққа тәрбие көзі болар жинақ.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz