Ақжайық ауданы Бударин ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған Халықтық «Жайдарман» әжелер ансамблінің құрылғанына биыл 15 жыл толды. Осыған орай ауылдағы мектеп-бөбекжай кешенінің мұражайында ансамбль шығармашылығын, жетістіктерін өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында көрме бұрышы ашылды.
2007 жылы Бударин мәдениет үйінің сол кездегі директоры Құрмантай Стамғазиевтің қолдауымен құрылған ансамбль алғашқы күндерден-ақ ауыл-ауданның көзайымына айналды. Әжелер халық әндерін, қара өлеңдерді, еліміздің маңдайалды сазгерлерінің әндерін орындап, тыңдарманын тамсандырып келеді.
– Туған жерін әсем әнге бөлеп жүрген ақжаулықты әжелерімізден құралған ұжым өнерімен бүгінде тек аудан емес, Жайық өңірінің ықыласын жаулап алды. 2013 жылы Халықтық атағын иеленгендеріңіз – рухани өмірімізге қосқан зор үлестеріңіздің бағасы, –деді көрменің ашылу салтанатына қатысқан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Руслан Биманов. Ол аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың алғысхатын ұжымға табыстап, естелік сыйлықтар берді.
Ақын, Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев ансамбльге деген жүрекжарды тілегін өлеңмен жеткізіп, ардагер ұстаз Алтын Досалиевамен бірге көрменің лентасын қиды. Сазгер Рақым Жанайысов, мектеп бөбекжай кешенінің директоры Садық Досмұхамбетовтер халқымыздың рухани мұрасын насихаттап, кейінгі ұрпаққа жалғаған өнерпаздарға амандық тілеп, шығармашылық жолында осы ұжымның әлі де елді сүйсінтетіндеріне сенетінін айтты. Ауылдық округ әкімі Шоқан Мұсағалиев елдің абыройын өнерлерімен биіктеткен ұжымға будариндіктер атынан алғыс айтып, естелік сый-сыяпат тапсырды.
Алғаш өнер ұжымы құрылғанда жетекшілік еткен Нұрболат Жәрдемов пен Анар Есенғалиева концерттерге дайындықтардағы қызықтарды бөлісіп, жылы естеліктерімен жиналғандардың көңілін серпілтті. Әжелер алғаш құрылған кезде қатарында болған Мәрзия Қалмурзина, Сағира Меңдешоваларды да еске алып, көңілдері толқыды.
Құндылықтарымыздың бастауы – ұлттық мәдениетімізде. Самайын ақ шалса да, халық әндерін насихаттаудан талмаған ансамбльдің әлі талай додалы байқау мен сайыстарға қатысып, мәнді, мағыналы әдеби сазды кештер мен кездесулердің ұйытқысы болатыны кәміл.
Әсет Орынғали,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz