4.06.2022, 16:49
Оқылды: 210

Балалар жылындағы ат спорты біріншілігі

Балалар жылы аясында Орал қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен, қалалық "Бәйге" федерациясы және "Орал" спорт клубының ұйымдастыруымен балалар арасында тұңғыш рет өткен ат спорты түрлері бойынша екікүндік ашық біріншілік өз мәресіне жетті.

артур

Біріншіліктің ашылуында сөз алған дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев өңірімізде ат спортының дамуына тоқталып, ат спортымен айналысушы балаларға мемлекет тарапынан қолдаулар жалғасатынын жеткізді. Бір жыл бұрын жұмысын бастаған "Орал" спорт клубы ат спорты бөлімінің тәжірибесі негізінде алдағы уақытта аудан, ауылдарда да кішкентай балалардың ат спортымен айналысу тетіктері қаралып жатқанын тілге тиек етті. Тұңғыш біріншілікке қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі.

артур 2

Біріншілікке Теректі, Сырым, Ақжайық, Сырым, облыстық ұлттық спорт мектебі және "Орал" спорт клубының командаларынан құралған 70-тен аса жас спортшы қатысты. Жарыс ат спортының тай бәйге, аударыспақ және көкпар түрлері бойынша өтті.
Балалар біріншілігіне қатысқан спортшылардың үлкені 13-те болса, кішісі 9-да болды. Жүректі, білекті спортшылар алдымен тай бәйгесінде үш шақырым шауып өтті. Мәре сызығына бірінші болып оралдық Бөкенбай Мұсаевтың "Сыйлық" атты сәйгүлігі жетсе, оны өкшелеп келген тасқалалық Аяпбергенов Ерланның "Маштаков" ныспылы тайына екінші орын бұйырды, ал жеңіс сызығын үшінші болып Миразат Айсұлтанның "Сұлтанқара" атты тұлпары кесті. Тайлар шаңын шығарған алаңда әрі қарай бала көкпар ойыны жалғасты. Небәрі 10-13 жастағы балалардан құралған алты команда арнайы жеребе бойынша 15 келілік серке үшін жан алысып, жан берісіп додаға түсті.

артур3

Елдің намысын, ердің намысын жаншитын бұл рухты ойынның көрігін қыздырған балаларға елдің ықыласы да ерекше болды. Тартысты додаға түскен командалар ішінен үздік үштіктің қатарынан "Орал" спорт клубы-1, Ақжайық ауданы "Құлагер" және Теректі ауданы, Ақжайық ауылының командасы көрінді. Осы ойында 9 жасар Бердібекұлы Бекнұр өзінің тапқыр тактикасымен "таскене" деген атаққа ие болды. Біріншіліктің екінші күні палуандар аударыспақтың 7 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Білектің күшімен белден тартып, палуанды ат үстінен аударуды қажет ететін сайыста ешкім осалдық танытпады. Бәрі де өз салмағында жеңіске ұмтылып, жастарына қарамастан тартысты ойын көрсетті.

артур4
Екі күнге созылған ат спорты жарысы өңірімізде балалардың ата-бабамыздан келе жатқан жауынгерлік рухты, батырлықты орынды жалғастырып келе жатқанын дәлелдеді. Жарыс соңында барлық жеңімпаздар медаль, дипломдармен және "Техстрой БҚО" ЖШС және жекелеген қолдаушылар бөлген қаржылай сыяпатпен марапатталды. Сондай-ақ облыстық "Бәйге" федерациясының атқарушы директоры Сатқали Байзуллин барлық қатысушыларға алғыс айтып, мерекелік тәттілер үлестірді. Жабылу салтанатында қатысушылар атынан сөз алған Шыңғырлау командасының жетекшісі, Шыңғырлау аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, аударыспақтан спорт шебері, өңіріміздегі ат спортының дамуына сүбелі үлес қосқан палуан Манарбек Бектияров аталмыш біріншілікті ұйымдастырушы, қолдаушыларға үлкен алғысын білдірді. Әрбір спорт сол саланың нағыз маманы жүрген жерде дамитынын айтқан Манарбек Жұмағалиұлы, алдағы уақытта серіктесе жұмыс жасауға дайын екенін жеткізді.

Ақмоншақ Жұмаева
"Орал" спорт клубы әкімгері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале