6.06.2022, 10:15
Оқылды: 169

«Қара кітап» оқырманға жол тартты

Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада жазушы, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Батыс Қазақстан облыстық соты туралы тарихи-танымдық кітаптардың авторы Аманкелді Шахиннің «Қара кітап» туындысының тұсаукесер рәсімі өтті.

1

– Аманкелді ағамыз әр нәрсенің басын бір шалатын жазушылардың қатарынан емес. Сойы бөлек жазушы осы тақырыптан бас алмай, ширек ғасырдан астам уақыт бойы ақтаңдақтар мәселесін қаузап келеді. Мұның өзі еңбекқор жанның тағдырының бір бөлшегіне айналған деректі-тарихи ізденіс деуге лайық. Кітаптың өн бойынан автордың Ғұбайдолла Әнесов бастаған жалпақталдық 14 оғланның тарихына деген шексіз сүйіспеншілігі мен ыстық ықыласы аңғарылып тұрады. Аманкелді Шахин – сан түрлі талант иесі. Ақын, публицист, жазушы, зерттеуші, сатирик. Ағамыздың есімін жалпақ жұртқа танымал еткен «Жалпақталдағы жасырын жастар ұйымы» туралы зерттеуі болып саналады. Бұл оның проза мен поэзия жанрындағы қыруар еңбегін елемегендік емес. Олардың да өз аудиториясы мен сүйікті оқырманы бар екенін білеміз, – деді іс-шараның беташарында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев.

Кітаптың тұсаукесер рәсімін ашқан облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың, «Отан» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасының құрметті
азаматы Нәсіпқали Дәулетов қаламгерге арнап өздерінің игі лебіздерін білдірді. Жиында, сондай-ақ
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, доцент Зейнолла Мүтиев, аталған университеттің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева, белгілі журналист, «Орал өңірі» газетінің тілшісі Есенжол Қыстаубаев, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Азамат Мамыров сөз сөйлеп, тұсауы кесіліп отырған туынды авторының көп уақыт мұрағат құжаттарын зерттеуге сарп етіп, осындай деректі публицистикалық кітап шығарғанын ризашылықпен әңгімеледі. Сол сияқты автордың кітабында жазылған Сатқали Молдағалиевтың қызы Нұржиян Сатқалиқызы, Ғұбайдолла Көшекұлы Әнесовтың жақын туысы Ербол Көшеков Жалпақтал ауылында құрылған жасырын жастар ұйымының қызметіне қатысқан ағайын-туғандары, ет жақын бауырлары туралы естеліктер айтты. Іс-шара барысында студенттер «Қара кітаптан» шағын көріністерді бейнелеп, үзінділер оқыды.

Жиын соңында кітаптың авторы Аманкелді Шахин өзінің туындысының қалай жазылғаны, кітаптың бөлімдеріне енгізілген тақырыптың ауқымында қозғалған мәселелер туралы кеңінен айта келіп, іс-шараға қатысқан барша қауымға алғысын білдірді.

Нұрым Нұрманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале