7.06.2022, 11:00
Оқылды: 44

Саяжайшылардың қуанышы

Биылғы 27 мамырда Орал қаласы әкімдігі су көлігінің екі саяжай маршрутына қызмет көрсетуге конкурс өткізді. Оның біріншісі, «Жайық өзенінің жағалауы – Барбастау», екіншісі, «Жайық өзенінің жағалауы – Учужный затон» бағыты. Ішкі су көлігімен жолаушылар мен жүк тасымалдауды ұйымдастыру конкурсына екі компания қатысты.   

IMG-20220607-WA0004

Конкурс қорытындысы бойынша «Уралфлотсервис» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Аталған маршруттар маусымның 1-інен бастап іске қосылды. Шығыны басым маршрут болғандықтан, конкурсқа қатысушылардың көп болмайтыны түсінікті. Оның үстіне, жібі түзу кеме-катерлер де аз. Байқау шартында су құралының техникалық жарамдылығына қойылатын тиісті талаптармен қатар, тасымалдаушы компанияның кемені тоқтатып, арқанын байлайтын орынжайы, үстінде қалқымалы верандасы болуы керек. Жеңімпаз мекеме конкурсқа қатысқанда жолаушыларды тасымалдау бағасын 150-200 теңге деп ұсынды. Қазіргі баға – 100 теңге. Комиссия бұл бағаны тасымалдаушының өтініші бойынша нақтылайды.  «Уралфлотсервис» ай сайын саяжайшыларды тасымалдаудың есеп-актісін тапсырып отырады. Соған орай әлеуметтік бағыт болғандықтан, тасымалдаушыға бюджеттен субсидия беріледі. Кеме саяжайларға қазанның 25-іне дейін қатынайды, - деді Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Алмаз Ахошев.

Орал қалалық бау-бақша қоғамының төрағасы Андрей Заозеровтың айтуынша, Жайық өзені арқылы қатынайтын екі саяжай аумағында 2000 жер телімі бар. Олар 11 бау-бақша серіктестігіне біріккен.

– Жайық өзені жағасындағы бау-бақша жерлері тұмса табиғаттың қойнауында орналасқан. Жері құнарлы. Бірақ сол саяжайларға аутокөлікпен не жаяу-жалпылап жетуге жол жоқ. Сондықтан саяжайшылар су көлігі қызметіне жүгінеді. Өкінішке орай, олардың су көлігінің қызмет сапасына өкпе-реніштері барын жасыра алмаймын.  Орал қаласы әкімдігінен мәселенің түйінін тарқатуды сұрап, жолаушылар тасымалына 10-15 адамдық шағын кемесі бар жеке кәсіпкерлерді тартуды ұсынғанбыз. Тағы бір айтарым, 10 саяжай маршруты бойынша қоғамдық көліктердің дұрыс қатынамайтыны да бағбандарды қинайды. Бау-бақшасын өсіріп, оның жемісін көргісі келетіндер демалыстарын аялдамаларда көлік күтумен өткізеді. Әрине, техника болған соң сынбай тұрмайды. Бірақ адамның алтын уақытын «өлтірмей», көліктің жолға шықпайтынын алдын ала ескертуге болмайды ма? «Қалалық әкімдікке «Уатсап» немесе «Телеграм» желісінен ортақ топ (тек тиісті жауапты адамдардан) ашайық» деп осы кезге дейін айтудан, жазудан кенде емеспіз.  Соны тек кеше ғана құруға қол жеткіздік. Шамасы, қазіргі қала әкімі адамдардың күн астында күні бойы қақталып, көлік күтіп отыруынан-ақ әлеуметтік наразылықтың туатынын ескерсе керек. Осылайша барлық мәселе шешілер деп отырмыз. «Еститін мемлекеттің» естімейтін әкімдігі болмағаны жөн деп санаймыз, - деді Андрей Заозеров.

Иә, биыл қымбатшылық халықты қысып тұр. Күні кешеге дейін жергілікті және өзге өңірден әкелінген қиярдың келісінің бағасы 800-1000 теңгеден болды. Басқасын айтпай-ақ қоялық. Осындай қымбатшылық жағдайында маңдай терін төгіп, өзін көкөніспен, бақша өнімдерімен қамтамасыз етемін дейтін тұрғындарға жергілікті билік бар көмек-қолдауды көрсетуі тиіс. Мемлекет басшысының пәрмені сондай.

Гүлбаршын Әжігереева,  

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале