Орал қаласындағы мәдени-демалыс саябағында "Qazaqstan jastary" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен "Үздік жас мемлекеттік қызметші" квест-ойыны өтті. Шараға Батыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті қолдау білдірді.
Квест ойыны жас мемқызметкерлердің сауаттылығын, білім-білігін сынға салды. Бес кезеңде жоғары нәтиже көрсеткен Сырым ауданы әкімдігінің бірыңғай персоналды басқару (кадр қызметі) бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұржауған Есен жеңімпаз атанды.
- Нұржауған Мақсотқызы байқауға тың дайындықпен келген. Одан кейінгі орындарды оралдық Айгерім Сансызбаева мен шыңғырлаулық Ерсайын Шаймбетов иеленді.
Жүлдегерлер мен барлық қатысушыларға «ТЕХНОДОМ» сауда үйінің сертификаты мен алғысхаттар табысталды.
«Мемлекетке қызмет ету – Тәуелсіздікке қызмет ету. Жас мемқызметкерлер де соны жете түсінеді» - дейді "Qazaqstan jastary" қоғамдық қоры БҚО филиалының төрағасы Маралбек Амантаев.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz