Қаржылық мониторинг агенттігі Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаментінің қызметкерлері алкоголь өнімін қолдан жасап сататын астыртын цехты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Күдікті өз үйінде әртүрлі атаудағы алкоголь өнімдерінің өндірісін ұйымдастырып, дайын өнімді жалған есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалаған.
Сосын оны Ақтөбе қаласында сатып келген.
Тінту кезінде жалған акциздік маркалары бар «Qazaq aragy», «Синяя гора» және «Немирофф» дайын алкоголь өнімі, жасанды өнімді буып-түюге арналған құрылғылар табылып, тәркіленді.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
ҚР Қылмыстық-процесстік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды.