8.06.2022, 10:45
Оқылды: 47

Жөндеу кезінде жол жабылады

Былтыр Теректі-Ақсай тас жолының 43-58 шақырымы бөлігін жөндеу жұмыстары басталған болатын.

IMG-20220607-WA0081

Ұзындығы 15 шақырым жол бөлігінің 2021 жылы 5 шақырымы, 2022 жылы 10 шақырымын жөндеу жоспарланған. Тапсырыс беруші – Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өткізген конкурс нәтижесінде анықталған мердігер - «Айдана» ЖШС.

Жөндеуге қаралған жалпы қаражат – 939 009,0 млн теңге. Ағымдағы жылы 10 шақырым жолды жөндеуге республикалық бюджеттен 240338,0 млн теңге, облыстан 253077 млн теңге бөлінген.

Өткен аптада Приречный ауылының тұрғындарымен болған жиналыста осы жөнделіп жатқан жол жайы сөз болды.

Халық ұсынысымен арнайы келген Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әлия Қабенова, Теректі ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаев, «Айдана» ЖШС директоры А.Амирханянмен кездесуге Приречный ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Жақсыбеков, жергілікті шаруашылықтардың басшылары мен тұрғындар жиналды.

Жөндеу жүріп жатқан жерде өткен жиында тұрғындар жол сапасы мен оның жүктемесі жайында мәселе көтерді. Теректіден Бөрлі ауданына дейін баратын тас жолдың жағдайы қазір сын көтермейтіні белгілі. Сондықтан Ақсай бағытында шыққан көліктер Приречный ауылының үстімен жүрсе, қозғалыс жүктемесінің жоғары болып, ауыр жүк көліктері жол жабынын бұзып кетуі де әбден ықтимал. Осы мәселе тұрғындарды алаңдатып отыр.

Кездесу барысында аталмыш мәселе жайында кеңесе келе, жөндеу кезінде Ақсай қаласына қарай өтетін қатынас жолын жаба тұру жөнінде шешім қабылданды.

Жол жөндеу жоспар бойынша биыл аяқталады деп күтілуде. Яғни, әзірге Приречный ауылының үстімен өтетін Бөрлі ауданы бағытындағы жол жабық болады.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале