10 маусым күні Шыңғырлау ауданының орталық саябағында халықтық отбасылық Жұмағазиевтер ансамблі мен үлгілі «Еркем-ай» би ансамблінің «Өнерлінің өрісі кең» атты шығармашылық концерті өтті.
Мәдениет саласына сүбелі үлесін қосып жүрген халықтық отбасылық Жұмағазиевтер ансамблінің құрылғанына 35 жылдан асыпты. Ансамбль, әсіресе дәстүрлі әндерімен ерекшеленеді. Өздерінің орындау шеберлігімен халықтың жүрегінен орын тауып жүрген ұжым осы уақыт ішінде аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанып, аудан мәртебесін асқақтатып келеді.
«Ата-анамыз 10 бала тәрбиелеп өсірген ардақты жандар. Өнерге жақын болуымыз осы әке-шешеміздің ықпалы. Бала кезімізден «Қозы көрпеш - Баян сұлу», «Еңлік - Кебек» жырларымен сусындап өстік. Әкеміз Ғұмар әнді айтып қана қоймай, оның шығу тарихын ұғынып, түсініп айтуға баса көңіл бөлетін. Бүгінде халықтық отбасылық Жұмағазиевтер ансамбліне қызым Әселхан Мұханбетші жетекшілік етеді», - дейді Гүлжамал Жұмағазиева.
Сонымен қатар, өнерсүйер қауым Гүлім Нұрғалиева жетекшілік ететін үлгілі «Еркем-ай» би ансамблінің сәмбі талдай майысқан бишілері орындаған «Бипыл», «Шаттық», «Испан», т.б. билерді тамашалады. Бұл ансамбль 2013 жылы аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған болатын. Содан бері үлкен, орта, кіші топтан тұратын жүздеген шәкірт тәрбиелеп, өнерге баулып келеді. Бүгінде ансамбль аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. 2018 жылы "Үлгілі би ансамблі" атағын қорғады. Жыл сайын жаңарып, толықтырылып отыратын ансамбль репертуарында қазақтың ұлттық билері мен заманауи, классикалық, сюжеттік билер бар.
Шара соңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ө.Бекениязов халықтың жүрегінен орын тапқан, әсем әндерімен қуантып жүрген халықтық отбасылық Жұмағазиевтердің ансамбліне және мың бұралған билерімен концерттің ажарын ашқан үлгілі «Еркем-ай» ансамблінің өнер ұжымдарына шығармашылық табыс тілеп, алғысхат табыс етті.
Б.Баймағамбетова,
Шыңғырлау ауданы