13.06.2022, 9:30
Оқылды: 61

Жастарды жігерлендіргендер

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімі бойынша әскери қызметін өтеген интернационалист-жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің 77 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.

3

Елінен жырақта жүріп, әскери міндетін орындаған азаматтардың ерлігін ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған кеште  аталмыш топ ардагерлерінің Республикалық қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы Ұзақбай Жақсылықов көпшілікке алғысын айтты.

– Сіздерді Германиядағы Кеңес әскері тобына 77 жыл толуымен құттықтаймын! Сіздер кейінгі буын өкілдеріне үлгі боп қаласыздар. Отбасыларыңызға амандық тілеймін,- дейді  Ұзақбай Тілекқабылұлы.

Салтанатты іс-шара барысында Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Сағынғалиұлы ардагерлерді қала әкімінің алғысхатымен марапаттады. Сонымен қатар қалалық әскери комиссариат басшысының орынбасары Қуат Оразғалиұлы «ҚР Қарулы Күштерінің 30 жылдығы» төсбелгісін табыстады.

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалы төрағасының орынбасары, орталық кеңес мүшесі Әділгерей Ғаббас осындай маңызды жиындар жиі өтуі керек екенін айтты. Сондай-ақ Германиядағы әскер тобының ардагерлері – Серік Мұхамбетқалиев пен Дархан Кунгудаев жиналған жұртқа ризашылықтарын білдірді.

– Германияда әскери борышын өтеген азаматтардың елге келгеннен кейін де құр қарап жатпағанына ризамын. Себебі ортамызда шәкірт тәрбиелеп, жастардың патриоттық сезімін оятуға атсалысып жүрген ардагерлеріміз бар. Жаңа буынды, жас буынды жігерлендіруіміз керек деп ойлаймын, – дейді Серік Хайырұлы.

Аманжол Рахымжанұлы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале