14.06.2022, 10:29
Оқылды: 40

Мерейдің мерейі өссін!

Шыны керек, көп жанкүйер Темірлан Көлбайды таниды. Ал онымен бірге биылғы «барысқа» бара жатқан сырымдық Мерей Бердіғалиды көп адам біле бермейді. Ол – Өлеңтінің тумасы. Бала күнінен күреске құмар болған жігіт біраз жыл Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттыққан. Бапкері Айбол Оразғалиевтің қол астында жүріп, дзюдо күресінен спорт шебері атанған. 

IMG-20220614-WA0009

Мерейі осы күні дзюдоны қойып, қазақ күресіне бет бұрған. Осы кезге дейін ел чемпионатының күміс жүлдегері, «Қазақстан жастары» спартакиадасының қола жүлдегері атанған. «Студент барысы» деген атағы тағы бар.  Талай мәрте облыс көлемінде өткен қазақ күресі жарыстарында жеңімпаз атанған. «Ақбидай» ауыл спорты ойындарының басты бәсекесінде бақ сынап, қола жүлдеге қол жеткізді.

«Қазақстан барысы» жарысына облыс атынан баратын екінші палуанымыз – осы Мерей. Осыдан бірер апта бұрын Қостанай қаласында өткен ел біріншілігінен келген ол туған ауылында жүр. Өзіне хабарласып жағдайын сұрағанымызда, батырға тән сабырлылықпен: «Құдайға шүкір! Денсаулығым жақсы. Додаға дайындалып жүрмін», – деп жауап берді.

Ел чемпионатынан келгеннен соң аздап демалып, қалыпқа келу жаттығуларын жасап жүргенін айтқан Мерей басты додаға дейін толық бабына келетінін жеткізді.

– Бапкерім Айбол ағай жаттығуымды қадағалап, не істеу керек екендігін айтып отырады. Үлкен жарыс алдында не жеп, не ішкеніңе дейін мән берген дұрыс. Қазіргі жағдайым жаман емес. Бірақ мықтырақ бола түсуім керек, - деді өз сөзінде Мерей палуан. Сырымдық палуан облыстың ауыр салмақтағы барлық жігітін жинап, толыққанды оқу-жаттығу жиынының  басталғанын күтіп жүр.

– Оқу-жаттығу жиынын күтудемін. Шебер жігіттермен күресіп, толық бабыма енгім келеді. Өңірдің намысын жықпай, көпшілік сүйсінетін күрес көрсетуге тырысамын, – деді ол.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале