Бүгін Зеленов ауданы орталығында Отан қорғаушылар күні аталып өтілді. Жеңіс саябағында сап түзеген аудандық ішкі істер бөлімі мен аудандық өрт сөндіру бөлімі қызметкерлері, Қ.Аманжолов атындағы мектеп пен Переметный орта мектебінің оқушылары салтанаттың сәнін кіргізді.
Жиынға қатысқан аудан әкімі Кәрім Жақыпов аудан халқын Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Сонымен бірге аудандық қорғаныс істері бөлімінің әскерге шақыру бөлімшесінің басшысы Владимир Мяснойды ҚР-ның Қорғаныс Министрлігінің ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапаттап, аудандық қорғаныс бөлімі мен өрт сөндіру бөлімі қызметкерлеріне алғыс хат берді.
Сондай-ақ аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы Ғабдіжалел Ниязалиев те айтулы мерекемен құттықтап, аумақтық қорғаныс шараларына белсене қатысып, жауапкершілік танытқаны үшін аудан әкімі Кәрім Кәрімоллаұлына Халық қаһарманы «Б.Момышұлының туғанына 100 жыл» медалін, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаевқа, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Еркін Қуанышқалиевке БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы А.Жақияевтың атынан алғыс хат табыстады.
Жиын одан әрі аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
www.zhaikpress.kz
Динара НАСЫР
Зеленов ауданы