17.06.2022, 16:15
Оқылды: 186

Жаңа форматта өткен кездесу

Алдағы жоспарларымен бөлісті

 Жәнібек аудандық мәдениет үйінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Жәнібек ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді.

218C1C70-333A-4A3A-AEA0-27D329BF11DE

ҚР Президентінің ағымдағы жылдың 3 наурызындағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында барлық деңгейдегі әкімдер жергілікті тұрғындармен жаңа форматта тоқсан сайын кездесу өткізу керек деген болатын. Осы орайда бүгінгі кездесудің басым бөлігі сұрақ-жауап форматында өтті.

Кездесуге облыс әкімінен бөлек ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сұлтан Ақшалов, БҚО мәслихатының хатшысы Бибігүл Қонысбаева, облыстың басқа да басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, саяси партия мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.

Алдымен аудан әкімі Азамат Сафималиев алдағы жоспарлар туралы қысқаша баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Ұзынкөл ауылында екі пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Нысан пайдаланымға берілгеннен кейін екі отбасы баспаналы болады.

-Сондай-ақ Ақоба ауылында екі пәтердің бір тұрғын үй мен Жәнібек ауылында 2 қабатты 12 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылыстарына жобалық-сметалық құжаттама дайын. Одан бөлек мемлекет басшысының 1000 мектеп салу тапсырмасына сай алдағы жылдары Х.Халиуллин, Ғ.Қараш атындағы орта, А.Оразбаева атындағы негізгі және Ұзынкөл орта мектептерінің құрылысы жоспарлануда. Сол сияқты Т.Жароков атындағы орта мектеп пен №1 мектеп-лицейін күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар. Сонымен қатар аудандық ауруханасына жалпы құны 18 млн 500 мың теңгені құрайтын медицицналық қондырғылар мен жабдықтар сатып алуды көздеп отырмыз, - деді аудан басшысы.

Әрмен қарай облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлы аудан тұрғындарын жүз жылдық мерейтоймен құттықтап, елдегі эпидахуалдың тұрақталғанын айтып өтті. Президент тапсырмасына сай облыс әкімі жылына екі рет халықпен кездесу ұйымдастыру керек. Осы орайда облыс басшысы жаңа форматта алғаш рет ұйымдастырылған кездесудің маңыздылығына тоқталып, сұрақтарға көшті.

 Жол мен ауыз су мәселелерінің шешімі қандай болмақ?

 Аудандық мәслихат депутаты Тахир Қадимов: «Республикалық маңызы бар жол күзгі, қысқы, көктемгі мезгілдегі жолдардың жағдайына тоқталып, ауылдың кіреберісі мен шекараға дейінгі 7 шақырым жолдың құрылысы мүлдем жүріп жатпағандығын баса айтты. Сонымен қатар айналма жолдардың да жағдайы мәз емес. Жәнібек пен Ұзынкөл ауылдарындағы ауыз судың толық қызмет көрсетілуін «Қазсушар» мекемесіне беріп, халықты сумен қамтамасыз ететін арнайы оператор керек».

57E86A18-BEF2-4442-A1B1-474B7411A4A7

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Қазбек Мәмбетов:

- Казталов-Жәнібек-Ресей Федерациясы шекарасындағы жол құрылысы бойынша 142 шақырымында жұмыстар жүргізілуде. Оның 42 шақырымында мердігер жоқ. Былтыр келісімшарт міндеттерін атқармағаны үшін шарт бұзылды. Биыл жаңадан мердігер анықталуда. 1-2 аптада белгілі болып, жұмысқа кірісетін болады. Жәнібек пен Казталов аудандарының арасындағы 58 шақырымына асфальт төселіп, жолды пайдаланымға берілу жоспарланып отыр. Сонда екі аудан ортасында тек 47 шақырым жолды жөндеу жұмыстары қалатын болады. Биылға 6 млрд қаражат бөлініп отыр. Келесі жылы жолды толықтай бітіріп, пайдалануға береміз. Сонымен қатар мердігер кіреберіс пен шекараға дейінгі 7 шақырым жолдың құрылысын 1-2 аптада бастайтын болады, - деді.

Сонымен қатар Ғ.Есқалиев жол құрылысы бойынша мердігерлерге нақты тапсырма беріп, қарапайым халық жол азабын көрмеу керектігін айтты. Сондай-ақ ауыз суды бір операторға тапсыру бойынша экология министрлігі қолдап отыр. Бұл үкімет деңгейінде қарастырылып отырған сұрақтардың бірі.

 Қосымша алған жерде малдың шоғырлануы міндетті емес, бірақ...

 «Әлем» шаруа қожалығының басшысы Ескендір Елемесов: «Далада малға, ауылда адамға шапқан бұралқы иттерді атуға қосымша қаражат бөлініп, иттердің санын азайту керек. Сонымен қатар, жер мәселесі. Мысалы, өзімнің қожалығым Ақоба ауылында. Жердің конкурсына қатысып, 500 гектар жерді 130 шақырым жерде орналасқан Талов ауылынан ұтып алдым. Яғни 500 бас малды сол жерге тіркеуім керек дейді. Ал енді, жыл сайынғы малдың екпесіне келгенде 500 малыңыз Таловта тіркелген деп екпе жасамайды. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын».

AA7F6E16-1D37-4765-916B-895D62E14590

 Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетовтың айтуынша, Заң бойынша бұралқы иттерді атуға тыйым салынған. Жәнібек ауданы бойынша иттерді биозалалсыздандыру үшін 1 млн 828 мың теңге қарастырылған. Алайда, аудан орталығында түскен арыз-шағымдардың нәтижесінде 120 ит жансыздандырылды. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табады. Сонымен қатар, шаруа қожалық тіркелген жерінен вакцинациядан өту керек. Себебі жылдық жоспар жасалған кезде арнайы қаржы бөлінеді екен. Мәселен, мал бір ауылда тіркелген болса, вакцина сол ауылға бөлініп, малға егілетін болады. Ал облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиевтің сөзіне сүйенсек, қосымша алған жерде малдың болуы, шоғырлануы міндетті емес. Бірақ жыл басында малдың қай жерде тіркелгенін нақты көрсететін болса, онда вакцина да сол аумаққа бөлініп, мал егілетін болады. Сонымен қатар Ғ.Нәжімеденұлы биылдан бастап мал азығын еккен, ұңғыма қазған шаруаларға субсидия көлемін көбейтуде.

 Аудан әкімінің жұмысына қанағаттанбады

 «Шопан ата» қауымдастығы Жәнібек ауданы бойынша басшысы Бауыржан Сабанов:

-Аудан тұрғындары атынан бес жыл еңбек еткен аудан әкімінің жұмысына қанағаттанбаймыз. Ауданға басқа әкім жіберуіңізді сұраймыз. Себебі әкім де, оның орынбасарлары да ескі жүйемен жұмыс жасайды. Халықпен тікелей байланыс жоқ. Екіншіден ауыл шаруашылық мәселесімен аудан әкімінің орынбасары сол саланың маманы болу керек деп есептейміз. Сонымен қатар биыл ауданнан 13 адам грантқа қатысты. Оның ішінде өзім де бармын. Облыс орталығында отырған комиссияға 500 шақырымды артқа тастап тек 1-2 сұрағына жауап беру үшін барасың. Сол 13 адамның біреуі де ұтқан жоқ. Енді сол комиссияға ауданнан бір өкілді кіргізу керек. Өйткені комиссияда отырғандар Жәнібек ауданына не керек, не керек еместігін білмейді. Сондай-ақ, әр ауданда несие серіктестігі деген бар. Қазіргі таңда шаруалардың несие алған кезде кепілмен қамтамасыз ету жағдайы жетпейді. Бұрын «Еңбек» бағдарламасы бойынша кепілдік беру қоры болды. Қазір ол күшін жойды. Осы мәселеге қатысты облыстық бюджеттен қаржы қарастыруыңызды сұраймын. 2023 жылдан бастап жұмыс берушілер қызметкерлеріне зейнетақы жинақтаушы қорына 10 пайызға қосымша 5 пайыз қосып төлейтін болады. Бұндай шешіммен келіспейміз. Егер күшіне енетін болса, жұмыс берушілер жұмысқа заңсыз қабылдайтын болады. Бұндай өзгерістерді тек ірі шаруаларға қолдануға болады. Сол сияқты киіктен зардап шеккен шаруаларға материалдық көмек көрсетілуі керек, - деді ол.

Б.Сабановтың қойылған сұрақтарының бірнешеуіне облыс басшысы былай деп жауап берді.

- Грант комиссиясының құрамын өзгерту керектігіне келісемін. Қазіргі таңда құрамын ауыстыру бойынша тапсыра берілді. Кепілдік беретін қордың мәселесі сәл қиындау. Облыстық бюджеттен қаржы бөлуге өз басым қарсымын. Тәжірибе болды. Жақсы нәтиже көрсеткен жоқ. Себебі адамның көбіне микронесиелер берілді. Олар дұрыс төлемеді. Әлі күнге дейін облыстық бюджет төлеп келе жатыр. Сол себепті бұл өте тиімсіз,- деді.  

Келесі жылдан бастап зейнетақы жинақтаушы қорына қосымша бес пайыз бәріне бірдей қосылатыны туралы облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева айтты. Бұл бойынша Заңға қол қойылды.

 Сұрақтар легі таусылар емес

 Кездесу барысында ауыл тұрғыны Меңсұлу Жұмақұлова Б.Сабановтың сөзімен келіспеді. Оның ойынша, аудан әкімі А.Сафималиев өз жұмысын дұрыс атқарып жүр. Басқосуда «Мирас» ШҚ жетекшісі Мэлс Әбдірахманов Қамысты ауылында өрт сөндіру техникасының жоқтығын айтса, «Береке» шаруа қожалығының жетекшісі, таулық Балболсын Бексейітова бірнеше жылдан бері конкурстың нәтижесінен жерге қол жеткізе алмай жүргендігін жеткізіп, аудандық жер комиссиясы құрамын өзгертуді талап етті. Сонымен қатар, Жәнібек ауылындағы А.Иманов атындағы көшенің тұрғыны Алтынай Тұлыбаева аталмыш көшемен ауыр техника жүріп, шаң көтеріп, ауаны бұзатынын айтып, көше тұрғындарының уәжін жеткізді. Ол сол көшені күніне 3-4 рет суарып, шаңын басып тұрса екен деген шағымын айтты.

Кездесуден кейін облыстан келген басшы-қосшылар тұрғындарды жеке қабылдады.

 Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале