17.06.2022, 22:31
Оқылды: 24

Өңір басшысы бөкейліктерді қабылдады

Облыс әкімі Ғали Есқалиев бастаған топ Бөкей ордасы ауданы тұрғындарын жеке мәселелер бойынша қабылдады. Бірден айталық, қабылдауға келгендердің көпшілігі облыс басшысының қабылдауына баруды қалады. Оладың бірқатары жеке басының қиындықтарына жәрдем сұрап келгенмен, дені елдік мәселелерді көтеріп, халық игілігі үшін солардың өтініш-сұраныстарын жеткізе келіпті.

WhatsApp Image 2022-06-17 at 15.13.47

Жалпы облыс басшының қабылдауында 12 бөкейлік болып, соның бесеуі тұрғын үй мәселесімен жолықты. Сайқындық Күріш Хайрошева кездесуде үйінің апаттық жағдайы жайында жар салса, Рая Иманжанова да жалғыз басына баспана сұрады.

Сайқындық зейнеткер Жаңбырбай Камалов та бұл күнде қалада қызмет ететін немересіне көмек қолын созып, мемлекет тарапынан жеңілдетілген жалдамалы пәтер сұрады. Айталық, атаның немересі отбасымен айына 100 мың теңге төлеп пәтер жалдап отыр екен.

Ал ханордалық Тілек Темірғалиев пен Бақыт Дәулетова бір кездері түрлі мекеме қарауында болған баспаналарын заңдастырып беруге жәрдем сұрады. Бақыт апаның айтуынша, оның 22 жыл тұрған тұрғын үйін жекеге аударуға рұқсат осыдан бес жыл бұрын берілген. Дегенмен түрлі түйіткілдер туындап, осы іс әлі де бір жақты шешілмей келеді екен. Ал Тілек ағамыздың 40 жыл тұрған баспанасы уақытында құжатта «обаға қарсы бөлме» деп жазылып, содан ол заңдастыруға кедергі келтіріп отыр екен. Мәселелерді жіті тыңдап алған облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлы қай сауал да заң шеңберінде орындалатынын айтып, заңдылық тұрғыда мәселелердің шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

WhatsApp Image 2022-06-17 at 15.13.48

Бөрлілік Нағым Тәжімұратов қазіргі міндетті әлеуметтік медициналық сақтардыру ісіне наразылығын білдірді.

- Осы МӘМС жүйесіне қатысатын азамат кез-келген уақытта тиісті маманға қаралуға мүмкіндік алу керек. Қазір ол жүйенің олқылықтары көп. Әсіресе, шалғайда жатқан біздің аудан науқастары үшін қиын. Мәселен, көз дәрігеріне жолдама алып қаралған сәтте, оны сол маман өзге әріптесіне жолдар болса, онда науқас келесі маманға жолдаманы ауылдағы мамандардан сұратуы қажет. Ал оны ақ халатты жандар жүйе талаптарына сай, тек уақыт өте бере алады. Айналғанда науқас тиісті дәрежеде қарала алмай, елге оралады. Ал қалаға қаралуға қайыра баруға оның қаражаты болмай қалса, тіптен емделмейді деген сөз, - деп мән-жайды түсіндірді. Сонымен қатар, жанашыр ағамыз округте жедел жәрдем көлігі сын көтермейтінін айтты.

Сайқындық Ерболат Таңатов:

- Ауданға судмедэксперт өте қажет. Өйткені қазалы үйге сүйекті Казталов ауданына апару оңай шаруа емес. Әлеуметтік жағдайы тартса, ештеңе емес қой, ал өздері бірді екі етіп отырған отбасыларға бұл іс кәдімгідей қалтаға соғады. Жуырда орын алғандай, Казталовтағы маман еңбек демалысына кеткенде, сүйекті Ақжайық ауданына не қалаға апару керек болады. Бұл да қаражатты қажет етеді. Сондықтан судмедэксперт өзімізден болса деген тілек менде, - деп ауыл азаматтарының тағы бір мәселесін ортаға салды.

Саралжындықтар Серік Садықов пен ақсақал Бекет Ділманов жерлестерінің ауыз сусыз қалып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Сорғы стансасына жөндеу жүргізуге көмек сұрады.

Сайқындық Бибігүл Жұмағұлова мен Айсұлу Иманғалиева кәсіпкерлік саласында сұраныстарын айтты. Бибігүл Жұмағұлова саттыққа газ жеткізудегі қиындықтарын баяндап, осы істе қолдау танытуды сұраса, Айсұлу Иманғалиева асханасын үлкейтуге ниетті екенін айтып, ол үшін қомақты несие алуға қолдауды өтінді. Айсұлу апамыздың айтуынша, «Даму» қоры кәсіпкердің тұрғын жерінің шалғайлығын алға тартып, қажетті 5 млн. соманы емес, екі есе аз қаражатты ұсынып отыр. Ал ол қаржы көздеген істі алға бастыруға мүмкіндік бермейді екен. Сондықтан қазір нан пісіріп, асханасын жүргізіп отырған апамыз мүмкіндігінше мол қаржы сұрады.

WhatsApp Image 2022-06-17 at 15.13.51

Сайқындық Сайфеден Қожантаев ақсақалымыз аудан орталығына 20 шақырым жердегі Сейтәлі елді мекеніне ауыл мәртебесін беруді сұрады. Ол онда көгілдір отын мен ауыз су құбырын өткізу үшін қажет деп баса айтты. Мәселенің мән-жайына қаныққан облыс басшысы су тарттыру мәселесі қомақты қаражат талап ететінің айтып, газ тарттыру ісін жолға қоюды қарастыратынын жеткізді.

Тұрғындардың талап-тілектерін тыңдаған өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы туындаған мәселелер бойынша тиісті басқарма басшыларына тапсырма берді.

Раушан Бақытова, 

Бөкей ордасы ауданы, 

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале