18.06.2022, 11:34
Оқылды: 78

Мәселелер айтылып, ұсыныстар тыңдалды

Аудандық мәдениет үйінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Бөкей ордасы ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді.

222

Әдетте облыс басшысы жыл басында келіп, есептік кездесуге қатысатын еді. Бұл жолғы кездесу ҚР Президентінің ағымдағы жылдың 3 наурызындағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында барлық деңгейдегі әкімдер жергілікті тұрғындармен жаңа форматта тоқсан сайын кездесу өткізу керек деген тапсырмасына сай өткен шара болды.
Кездесуге облыс әкімінен бөлек БҚО мәслихатының хатшысы Бибігүл Қонысбаева, облыстың басқа да басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары қатысты.

111
Кездесу алдында аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов қонақтардың назарына инвестициялық жобаларды ұсынды, кәсіпкерлік саланың ілкімді жоспарларымен бөлісті.
Басқосуда алғаш боп сөз алған аудан әкімі Нұрлыбек Даумов атқарылған жұмыстар мен жоспарланған іс-шаралар барысын көпшілік назарына ұсынды.
Кездесу сұрақ-жауаппен жалғасты.

33
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Таңатов жол мәселесі мен Сайқынның ішкі жолдарының жөнделуін мәселе ғып көтерсе, аудандық мәслихат депутаты Мәншүк Мұхамжарова Ұялыдағы мекемелердің қызметтік көліктері тозып тұрғанын айтып, жаңартуды сұрады, Ақмектеп су ұңғымасының жай-күйін тексеріп, ақауы болса, жөндеп, қауқары жоғалып, сұранысты өтей алмаса, тағы бір ұңғыма орнатып беруді сұрады.
Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Тілеген Арыстанбеков полигон аумағын қайта қарап, қысқартуды, полигон аумағы үшін төленіп отырған қаржының белгілі бір пайызын жергілікті бюджетке беруді сұрады.
Бисендік белсенді азамат Елубай Насыров ұялы байланыстың сын көтермейтінін алға тартты.
Мұратсайлық Шәпен Дүйсенғалиев Мұратсай су бөгетінің өткеліне жөндеу жүргізуді сұрады.
Бөрлілік Нағим Тәжімұратов кез келген құрылыс нысанын қабылдарда халық өкілдерінің де қабылдау ресіміне қатысуы керек, әйтпесе сын көтермейді деді.
- Жол саласын миллардтаған қомақты қаржы жиналады. Жұғынды жаққандай ғып көз алдап, көптің наласына қалмау керек. Сондықтан халықтық бақылау болуы керек,- деді.
Кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдады.

Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале