Бірқатар Еуропа елінде орман өртіне байланысты адамдар эвакуцияланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
Жоғары температура мен қатты жел Берлиннен 70 км жерде орман өртінің шығуына себеп болды. Германиядағы температура 38 градустан асты. Жұмадан бері жалғасып келе жатқан өрт үйлерге таяп қалғандықтан, 20-ға жуық ауылдың тұрғындарына эвакуациялануға бұйрық берілді. Жалын шарпыған аумақ шамамен 100-110 гектарды құрады.
Жексенбіде Грекиядағы екінші үлкен арал Эвияның орталық бөлігінде бақыланбайтын орман өрті анықталды. Қатты жел соғып, жалын Гайадағы таулы орманның баурайына жайылды. Жалын кейбір үйлерге 800 метрге дейін жақындағандықтан, билік сақтық шарасы ретінде Кремастос ауылын эвакуациялауды бұйырды.
Испаниядағы өрт сөндірушілер аптап ыстықтың салдарынан бірнеше күн бойы өршіп тұрған орман өрттерін сөндіруге тырысты. Термометр бағандары 40 градустан жоғары көтерілді. Ең көп шығын солтүстік-батыстағы Самора провинциясына тиді, онда 25 000 гектардан астам жер жанып кеткен.
Орман өрттері Каталонияның солтүстік-шығысының үш бөлігінде, Лерида және Таррагона провинцияларында және Барселонаның оңтүстігіндегі Гарраф ауданының табиғи саябағында да болды.