21.06.2022, 17:45
Оқылды: 53

Қайырымдылық концерті өтті

Нұрхат Қалдыбай - болашағынан зор үміт күттіріп жүрген Шыңғырлау ауданына қарасты Ақшат ауылының 11-сынып оқушысы. Қазақ күресі, самбо, дзюдодан бірнеше дүркін чемпион болған балуан жігіт. Өкінішке орай, 4 мамырда ақ қан (лейкоз) ауруына ұшырағаны анықталған. Қазір Түркия елінде ем алып жатыр. Тұтас емге 83 млн.теңге қаржы керек екен.

IMG-20220621-WA0083
Осы ақпарат тарағалы бері облысымызда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Батысқазақстандық тұрғындар жерлестерін қолдау мақсатында челлендж өткізіп, түскен ақшаны Нұрхаттың еміне аударуда. Бұдан бұрын Теректі аудандық мешітінің ұйымдастыруымен өткен қайырымдылық турнирі туралы да жазған едік. Сауапты істің қасынан Аңқаты мен Сарыөмір ауылдық округтерінің тұрғындары да табылыпты. Күні кеше «Жанға жігер» атауымен қайырымдылық концертін берді.
Концертке «Жайықтың Жүрсіні» атанған Ерікқали Ахметов бастаған айтыскер ақын, сазгер Орынбек Меңдіқұлов, Әділ Ахметов, қаратөбелік Райымбек Өтепов, Айзат Айдосұлы, Қайрат Какимов, Жаңылсын Хасанова, Ақмарал Кемелханова сынды облысымызға танымал сахна санлақтары қатысып, өнерлерін паш етті. Өнерпаздар домбырада әсем әнді әуелете шырқады. О.Меңдіқұлов пен Р.Өтепов айтысып, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Қайырымдылық шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Лунара Сердалиева арнайы қатысып, кеш ұйымдастырушыларына алғысын білдірді. Шалқар ауылдық округінің әкімі Сабырбек Мусин мен Аңқаты ауылының әкімі Асқар Хайрекеев ізгі істе бас қосқан ауылдастарына рақметін айтып, Нұрхат Қалдыбайдың жазылып кетуін тіледі.
Кештен түскен 200 мың теңге Нұрхаттың апа-жездесіне табысталды.

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале