Жәнібек ауданындағы Тау ауылдық округінің әкімі көлік апатынан қайтыс болды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
23 маусымға қараған түні сағат 01:50-де Жәнібек - Казталов аутожолының 25-шақырымында, Тау ауылының тұсында 1988 жылғы жігіт көлік тізгініне ие бола алмай, «Volkswagen Polo» аутокөлігі жол жанындағы шұңқырға түсіп кеткен. Көлік жүргізген әкім апат орнында ауыр жарақаттан қаза тапты.
Осы оқиғадан үш сағат өткеннен кейін, таң сібірлеп атқан уақытта Орал - Атырау аутожолының 41-шақырымында Бәйтерек ауданының Үлкен Шаған ауылында «Daewoo Nexia» аутокөлігі мен «ВАЗ» ныспылы көлік соқтығысқан. Жол жанына аударылып қалған екінші көліктегі жүргізуші 1988 жылғы жігіт апат салдарынан сол жерде көз жұмды. Ал «Daewoo Nexia» жүргізушісі өзбекстандық азамат ауруханаға ауыр халде жеткізілген.
Нұрлан Ғаппар,
zhaikpress.kz