4.07.2022, 18:00
Оқылды: 64

Алматыда жылына 1 млн шетелдік турист қабылдауға жоспар құрылды

Алматыда туризм саласын кешенді дамыту жоспарланып отыр. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2022_01_29_almaty

Сурет: atpress.kz

«Алматының және Алматы облысының туристік әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Туристік инфрақұрылымды кешенді түрде дамытамыз. Жолаушылар ағынын жылына 14 млн-ға дейін, яғни екі есеге арттыратын жаңа әуежай терминалының құрылысы бар. Шаңғы демалысы мен экотуризм орталығын құрып, қонақ үй санын артырамыз», - деді әкім Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарын талқылау барысында.

Мегаполис басшысы Алматыда туристерге қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қаланың Discover Almaty жаңа бренді әзірленетінін атап өтті.

«2030 жылға қарай Алматыға келетін шетелдік туристердің санын 1 млн-ға дейін арттыру жоспарда», - деді Ерболат Досаев.

Қала әкімінің айтуынша, тұрғындардан туризмді басқару жүйесін стандарттау, цифрлық карталар, үш тілде мәзір мен туристік аймақтарға тегін Wi-Fi енгізу бойынша ұсыныстар түскен.

«Бұл ұсыныстармен келісеміз және одан әрі даму жоспарын әзірлеу кезінде ескеретін боламыз», - деді әкім.

Сонымен қатар, ол кейінгі 5 жылда қалаға келген шетелдік туристер саны 1,4 есеге артып, 301 мыңнан 435,6 мың адамға жеткенін айтты.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале