Бала тәрбиесінде біліммен бірге патриотизм де қатар жүреді. Бұл қасиетті бойға дарытуда отбасынан бөлек, білім ошағы, өскен орта, қоғам да әсер етпек. Біз бүгін рухты жастарды тәрбиелеуде еңбектеніп жүрген Белес ауылындағы орта мектептің тарих және алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Жасұлан Егізбаев туралы баяндамақпыз.
Отбасымен
– Тарих пен алғашқы әскери дайындық пәні де патриотизммен тығыз байланысты. Екі сабағымда да бұл тақырыптан ауытқымаймын. Әсіресе, алғашқы әскери дайындық патриотизмді қалыптастырып қана қоймай, оқушылар әскери іске кіріспені меңгереді. Төтенше жағдайда қорғану тәсілдерін, алғашқы көмек көрсетуді үйреніп, бойларында бұл бағыттағы бастапқы кірпіш қаланады. Бірақ патриотизмнің түп-тамыры – жүректе. Кеудедегі бір жұмыр етте отбасына, туған жерге деген адал махаббат болуы қажет, – дейді ғұмырының 20 жылдан астам уақытын бала тәрбиесіне арнаған педагог.
Шәкірттеріне патриоттық тәрбие беруді мақсат тұтқан ұстаз әскери борышын екі жыл Шымкент қаласындағы №10216 бөлімшеде, радиотехникалық бригадада өтеген. 1993 жылы туған топырағына оралған соң еңбекке араласады. Оқуға түсуге оқталғанымен, соңында сәтсіздікке ұшыраса да, үмітін үзбеді. Аз уақыт Жаңабұлақ мектебінде тәлімгер қызметін атқарады. Екі жылдан кейін ауылының қызы Бағдагүлмен отау құрып, жас отбасы жаңа өмірге қадам басты.
1999 жылы Оралдағы сол кездегі А. Пушкин атындағы педагогикалық институттың тарих факультетінің студенті атанады. Сол жылы Белеске жолдамамен келіп, осы ауылға сіңіп кетті. Жұбайы екеуі де бір мектепте қызмет атқарады. Қос қызғалдағы бар. Үлкені Айымгүл дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болса, кенжесі Арина хореограф мамандығы бойынша оқып жатыр.
Кейіпкеріміз уақыт өте келе тағы да жоғары білім алып, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі атанды. – Бала кезімнен ұстаз болуды, бар білімімді жас ұрпаққа үйретуді армандадым. Балалармен жұмыста патриоттық тәрбие өте маңызды. Елімізде қандай жағдай болмасын, туған жердің патриоты болып қала беруді үнемі айтып отырамын. Бұл пәннің балаға берері көп деп ойлаймын. Бүгінде әскерге барғысы келетіндер қатары бұрынғыдай көп емес. Бірі әскери тәртіптен қорқады, бірі амалы жоқтықтан барады. Менің шәкірттерімнің арасында мектепті аяқтаған соң бірден әскерге барамын дегендері бар. Мысалы, былтырғы түлек Әлібек Бауыржанның оқу үлгерімі жақсы болды. Бірақ өз қалауымен бірден әскерге аттанды. Парызын өтеп жүр, – дейді Жасұлан Ермекқалиұлы.
Шәкірттерімен
Уақытпен санаспайтын ұстаздың және оқушыларының жетістігі де жетерлік. Ол екі мәрте «Қазақстан патриоты» медалінің иегері атанды. Болашақ сарбазды дайындау – басты міндетім деп білетін ұстаздың шәкірттері үмітті ақтап, бірнеше мәрте ойлаған межеден шықты. «Жас батыр» әскери байқауы мен «Айбын» әскери жиынының аудандық кезеңінде командалық есепте жеңімпаз атанып, оқушылар бірнеше мәрте облыстық кезеңде де жүлделер алды. Ал «Жас құтқарушылар» слетінің өңірлік кезеңінде І орын алды. Оқушысы Ерген Кенжеғали 2017 жылы Қарағандыда ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдығына орай өткен «Айбын» әскери-патриоттық жиынында «Әскери кростан» І орын алып, арнайы сертификатқа ие болған. Патриот ұстаз жетістікке жетуде әріптестерінің еңбегін де жоғары бағалайды.
– Бәсекелестік болмай даму да жоқ. Өзге әріптестеріммен тығыз байланыстамыз. Тәжірибе алмасып тұрамыз. Біздің бір-бірімізден үйренеріміз көп. Аудандық әскери жетекшілердің деңгейі жоғары, демек, пәннің де көрсеткіші ілгері өсуде деп есептеймін. Тек физикалық тұрғыдан емес, түрлі әдіс, көрнекілікті пайдалана отырып сабақ өткіземіз. Басты мақсат – білімді күнделікті өмірмен ұштастыра отырып, оқушыларға жеткізу. Отанды сүюде адалдық, сыйластық, сабыр, сенім секілді қасиеттің маңызды екенін түсіндіруге тырысамыз. Бойдағы жақсы қабілет бәрімізді жақсылыққа әкеледі, – дейді Жасұлан Егізбаев.
Ұлағатты ұстаз балалар бойына әскери патриотизмнен бөлек, ұлттық өнердің бір жұрнағын сіңіруде. Тек мектепте емес, өзге жерлерде де қолынан қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны тастамайды. Бесаспап мұғалім домбырамен Нұрым Шыршығұлұлы, Омар Шораяқұлының термесін айтқанды ұнатады. Иә, патриотизм – шексіз сезім. Оның кілті әр ісімізде, ана тілімізде, өнерде де бар. Ал дәл осы тақырыпта мәртебелі мамандық иесі – мұғалімге артылған жауапкершілік мол. Елдің болашағына осы қасиетті дарытып жүрген бүгінгі кейіпкеріміз өзі ісіне адал екені анық.
Динара Насыр,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz