5.07.2022, 16:30
Оқылды: 50

«Жасыл ел» жасақтары сапқа тұрды

Шілде айынан Ақжайық ауданында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының еңбек маусымы өз жұмысын бастады. Еңбекпен ұштастырылған осынау игі бағдарламаның арқасында жыл сайын тек аудан орталығында ғана емес, әрбір ауылда да «Жасыл елдің» қатарына тізілген жастардың қарасы көбейіп келеді.

IMG_7928

Атап өтейік, аталмыш жастар еңбек жасағы – экологиялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, елді мекендерді көгалдандыруға, абаттандыруға, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған жалпыұлттық қозғалыс.

Чапаевтағы «Жастар» стадионында жаңа маусымның салтанатты ашылуына аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов, облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек және құрылыс жасақтары штабының жетекшісі Аслан Тапишев қатысты.

–Еңбек маусымының ашылуы – аудан жастары үшін ең маңызды оқиғалардың бірі. Жастар табыс тауып қана қоймай, тәжірибе де жинайды, өз қабілеттерін ұштайды, жаңа мүмкіндіктерді ашады. Сонымен қатар жоба еңбекке баулып, жастарды ортақ идеялар төңірегінде топтастырады, – деді Бақберген Талғатұлы.

IMG_7952

Осыдан кейін ол Аслан Нұрланұлына аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың алғыс хатын тапсырды.

Биыл жазғы демалыс кезінде «Жасыл ел» жастар бағдарламасы аясында аудан көлемінде 100 жасты жұмыспен қамту жоспарлануда. Оның құрамы тек жоғары оқу орнының студенттерімен шектелмейді, ауыл-елді абаттандыру ісіне жасы кәмелетке толған мектеп оқушылары, коллледж студенттері де тартылған. Жайық өзенінің жағалауы, арық бойларын қоқыстан арылту, саябақтарды арамшөптерден тазарту, қураған ағаштардан сирету, ауыл ішіндегі көшеттерді күтіп-баптау дейсіз бе – осының бәріне «жасылелдіктер» енді атсалысып, туған жерінің көркеюіне өз үлестерін қосады. Әрине, жастардың жүрген еңбегіне лайықты жалақы да төленеді. Сарбаздар биыл 85854 теңге жалақы алады. Оның ішінде  ауылдық округтер бюджетінен 60000 мың теңге төленсе, «Жасыл ел»  бағдарламасы облыстық штабынан 35394 теңге қарастырылған.

Шара соңы аудан көркемөнерпаздары концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Нұрбек Ихсан,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Суреттерді түсірген автор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале