8.07.2022, 16:45
Оқылды: 48

"Келісіп пішкен тон келте болмас"

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Осы орайда Казталов ауданының əкімі Рүстем Зұлқашев та аудан тұрғындарын толғандырған кейбір мəселелерге құлақ асып, тікелей араласып жатқан кездері де аз емес.

20220708_111709

8 шілде күні аудан басшысы Қарасу ауылдық округіне қарасты Ащысай елді мекеніне арнайы барып, тұрғындар көтерген мəселеге қанықты. Бұл жерде ауыл тұрғындары шабындық жерге қатысты дау көтеріп, мəселені шешу үшін аудан əкіміне жүгініп отыр.
"Даудың басы - Дайрабайдың көк сиыры" демекші, ауылдағы ағайын төрт түлік малы үшін қажетті шөп шабатын шабындық үшін дау туындаған. Ауылдың қызыл сызығында орналасқан шабындыққа бағзы уақыттан ауыл тұрғындары иеленіп, шөп шауып келген. Жуырда бұл шабындықты ауылға жаңадан көшіп келген тұрғын жер бөліміне тиісті құжаттар тапсыру арқылы, 5 жылға уақытша мал азығын жинауға жалға алған. Мəселе осы кезде туындап, ащысайлықтар үшін шөп шабатын жер қалмаған.

20220708_113419
Осы түйткілге төреші болған аудан əкімі Рүстем Мүлкайұлы: - Ащысай ауылы тұрғындарының мал басына шаққан кезде, ауылға қажетті қызыл сызыққа кіретін жер артығымен бар. Ал расына келсе ауылдағы мал екі есе көп. Ауылдастардың дені табыстарын жасыру үшін санаққа малдарының жартысын ғана беріп отыр. Ал біз жалға берген жер қызыл сызыққа кірмейді. Ауыл азаматы заңды түрде 5 жылға маусымдық жұмыстар атқару үшін алған. Тек, бұл жердің ауылға қажетті шөбі шабылатынын ескерілмеген. Ендігі кезекте "Келісіп пішкен тон келте болмас" дегендей, ауылдағы азаматтар ортақ бір мəмілеге келіп, шабындықты бірлесе шапса, бəріне де жетіп қалары анық. Осы жерде ынтымақтық танытып, бір ел болуға шақырамын! - деді.
Əкімнің сөзіне құлақ асқан ауылдастар мəселені жақын арада бірлесе шешетінін жеткізіп, көңілді тарқасты.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале